Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен олардан зардап шеккендерге 1,3 млрд теңге төленеді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен олардан зардап шеккендерге мемлекет бюджетінен 1,3 млрд теңге төленеді. Елімізде барлығы 28 316 репрессиядан зардап шекке азамат тұрады. Олардың әрқайсысы 45,9 мың теңге мемлекеттік жәрдемақы алады.

Елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандары мен қуғын-сүргін құрбаны деп танылған тұлғаларға біржолғы ақшалай өтемақы 2003 жылдан бастап төленіп келеді. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша 2003-2022 жылдар аралығында саяси қуғын-сүргін құрбандарына республикалық бюджеттен 2,9 млрд бөлінген.

«Өтемақы мөлшері 2 588 теңгеден басталып, 345 000 теңгеге дейін жетеді. 2023 жылға республикалық бюджетте бұл мақсаттарға 768 мың теңге қарастырылған», деп хабарлады Еңбек министрлігінің баспасөз қызметі Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Әбдірахманованың сөзіне сілтеме жасап.

Қазақстан заңнамасында саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедек немесе зейнеткер азаматтарға әлеуметтік төлемдерден басқа арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бүгінгі күні төлем сомасы 1,07 АЕК мөлшерінде, яғни 2023 жылы 3 692 теңге. Ал осы жылдың 1 шілдесінен бастап төлем мөлшері 1,23 АЕК дейін көтіреліп, 4 244 теңгені құрайды. Төлем көлемін көтеру жаңа Әлеуметтік кодексте қарастырылған.

Сонымен бірге әкімдіктер Қазақстан заңнамасына сәйкес саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және ақталған адамдарға материалдық және өзге де көмек түрлерін көрсету бойынша жергілікті бюджет есебінен қосымша шаралар белгілеуге құқылы. Соған сәйкес биылғы жылы әкімдіктер 3,8 мың азаматқа 48,6 млн теңге төлейді. Төлем көлемі 3,6 мың теңгеден баталып, 30 мың теңгеге дейін жетеді.

Ал өткен жылы Қазақстанда 2003-2021 жылдар аралығында саяси қуғын-сүргін құрбандарына 16,1 млрд теңге төленгені хабарланды.

Жыл сайын 31 мамырда Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 100 мың «халық жауы» саналып, жазықсыз зардап шекті. Оның 25 мыңы өлім жазасына, яғни ату жазасына кесілді. 1932-1933 жылдары миллиондаған қазақстандықтар ашаршылық құрбаны болды.

Республика аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері – АЛЖИР, Степлаг, Карлаг жұмыс істеді. Қуғын-сүргін жылдарында Қазақстандағы лагерьлерге 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Кейбір мәліметтер бойынша, тұтқындардың жалпы саны бұл көрсеткіштен айтарлықтай көп болуы мүмкін.

Президент 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Twitter-дежазба жариялады. Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелгенін айтқан мемлекет басшысы тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз