Тоқаев: «Мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу – баршамызға ортақ парыз»

Жарияланды

Президент 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Twitter-де арнайы жазба жариялады.

«Біз бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу – баршамызға ортақ парыз. Біз ауыр сынаққа төтеп берген, ұлт бірлігін сақтап қалған және асыл қасиеттерін жоғалтпаған ата-бабамыздың үмітін ақтауымыз қажет.

ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – қазақ халқының тарихындағы қасіретті кезең.

1997 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген. Зұлмат жылдары 100 мыңға жуық азамат қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды.

Сондай-ақ оқыңыз