Жаңалықтар

Әлібек Қалбайдың өлімі: апелляциялық шағым түсірген сарбазға сот үкімі өзгеріссіз қалды

Сарбаз Әлібек Қалбайдың өлімінен кейін сотталған Айболат Аманжолов сот үкіміне қатысты апелляциялық шағым түсірді. Астанадағы әскери сотта сотталған сарбаздың шағымы қаралды.
Апелляциялық сатыда іске судья Дамир Ахтямов төрағалық етті. Сондай-ақ сот алқасы құрамында судья Сәкен Тілегенов пен Шыңғыс Майшыбаев бар.

Апелляциялық сот барысында Айболат Аманжоловтың адвокаты Бауыржан Азанов бірнеше өтінішхат жолдады. Оның ішінде қылмыстық іс материалдары ішінде сот-медицина сараптама дәлел ретінде көрсетілгенін айтып, сарапшы Тілемісовті жауап алуға шақыруды сұрады. Алайда сот бірінші инстанциядағы сотта сарапшының куәгер ретінде қатысқанын айтып, өтінішті қанағаттандырмады.
Сондай-ақ адвокат сот-медициналық криминалистикалық-ситуациялық сараптама жасалған кезде бірнеше заң өрескел бұзылғанын мәлімдеді.

«Сот-медициналық криминалистикалық-ситуациялық сараптамаға қатысқандардың бойы, салмағы және физикалық мәліметтері оларды имитациялайтын адамдардың деректеріне сай келуі керек. Алайда мұндай талап сақталмаған», – деді Бауыржан Азанов.

Аманжоловтың адвокаты Жанар Нүсіпбаева бірінші сатыдағы сот әділ шешім шығармағанын айтып өтті.

«Тергеудің алғашқы күнінен бастап қылмыстық-процестік кодекстің талаптары өрескел бұзылды. Сол бойынша шағым жазылды, алайда бір де бірі қанағаттандырылмады. Апелляциялық сот алқасына әлі де сеніміміз бар. Егер айыптау тарапы нақты айғақ ұсынбаса, сот жалтақтықпен айналыспай, ақтау үкімін шығаруы керек екенін президент те айтты», – дейді адвокат Нүсіпбаева.

Адвокаттардың бірнеше өтінішхаты қабылданбағаннан кейін сотталған Айболат Аманжоловтың әкесі істі қарайтын сот алқасының сот сенімсіздік білдіретінін мәлімдеді.

«Таразының бір басында әскери бөлімнің репутациясы тұр деп есептеймін. Олар өздерінің репутациясын бұзбау үшін, әскери бөлімде осындай жағдай болды жеген жаман атты болудан қорқып, осы айыпты бір сарбаздың мойнына іліп отыр», – дейді Жанар Нүсіпбаева.

1 маусымда өткен сотта апелляциялық сот алқасы бірінші инстанциядағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.

САРБАЗ ӘЛІБЕК ҚАЛБАЙДЫҢ ҚАЗАСЫ

Маңғыстаулық Әлібек Қалбай 2022 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде қаза тапты. Ол сапта тұрған кезде кенеттен есінен танып құлаған. Сарбаздың қазасына байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.

Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот отырысы Алматы гарнизоны әскери сотында 23 тамызда басталды. Күдікті деп танылған сарбаз Айболат Аманжолов 2023 жылдың 10 сәуірінде қылмыстық кодекстің 440-бабы (Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу) бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, Айболат Аманжолов қазір Алматы қаласында тергеу изоляторында қамауда отыр.