Жыл басынан бері алаяқтардың 15 млн қоңырауы бұғатталған

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Ішкі істер министрлігі Қазақстан бойынша 34 млн алаяқтық қоңырау бұғатталғанын мәлімдеді.

«Соңғы жылдары банк қызметкерлерінің атынан жасалған телефон алаяқтықтары жиілеп кетті. Қылмыскерлер көпжағдайда нөмірді ауыстыру қызметін пайдаланады. Өткен жылы полиция қызметкерлері осындай 3600 қылмысты анықтады», делінген баспаөз хабарламасында.

Осыған байланысты министрлікте оларды бұғаттау мәселесін көтеріліп, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «Ксеll», «КаР-Тел», «Altel» және «Теle2» ұялы байланыс операторларының антифрод-жүйелерінің дерекқорларын біріктірген.

Бұл техникалық шаралар қазақстандық абоненттік нөмірлерге халықаралық трафик арқылы өтетін фрод-қоңырауларды тануға және бұғаттауға мүмкіндік берген. Нәтижесінде өткен жылдың 6 айында 19 млн алаяқтық қоңырау бұғатталса, осы жылдың басынан бері анықталған қоңыраулар саны 15 млннан асқан.

Осындай қылмыс жасауға қатысы бар адамдарды анықтау, оның ішінде қылмыстық топтың «call-орталықтары» деп аталатын қызметін бейтараптандыру және жолын кесу бойынша шаралар қабылданған. Өткен жылы интернет-алаяқтық кезінде ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан 5 трансұлттық қылмыстық топ анықталған.

Ал өткен жылдың желтоқсан айында Украинаның ұлттық полициясымен бірге Днепропетровск облысының аумағында арнайы операция жүргізілген. Нәтижесінде қазақстандықтарды алдаумен айналысқан Украинаның 32 азаматынан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде IP-телефонияны пайдалану арқылы жасалатын телефон алаяқтығы екі есе төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз