Кәсіпкер Тимур Турлов қазақстандық стартапқа 1,5 млн доллар қаржы салды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Әлемдегі ең ірі автосервис агрегаторларының бірі саналатын қазақстандық IT-стартап «CTOgram» жобасына бизнесмен Тимур Турлов 1,5 миллион доллар көлемінде инвестиция салды. Бұл жайлы IT-компания өкілдері хабарлаған.

Бұл қаражат А сериясын қаржыландыруға тартылған. А сериясын қаржыландыру әдетте стартаптарда немесе компанияларда олардың дамуының бастапқы кезеңінде тартылатын инвестиция айналымы. Бұл қаржыландырудың бірінші ресми раунды және оның мақсаты компанияның одан әрі дамуы үшін қомақты капитал тарту. Жалпы «CTOgram» IT компаниясы 13,5 миллион долларға бағаланған.

Компанияның негізін қалаушы – Жандос Тұрсымбаевтың айтуынша, компания қосалқы бөлшектер сегментіне бір жарым жыл бұрын кірген. Осы аралықта барлық жеткізушілерді біріктіріп, компанияны ссортиментін барынша ұлғайтқан. Дегенмен, Тұрсымбаев сапалы техникалық қызмет көрсететін станциялардың әлі де жетіспейтінін айтады.

«Нарықта тұтынушыларға нашар қызмет көрсететін гараждар көп. Болмаса бағасы өте жоғары диллерлер болады. Осыған байланысты қолжетімді баға мен сапалы қызмет көрсететін сегменттің тапшылығы өткір екені байқалады. Елімізде автокөлік бөлшектері мен жөндеу нарығы өте үлкен. Бірақ мұнда жүйе жоқ және ретсіз. Біз автосервисті және автокөлікке қажетті жабдықтарды қоймалардан тез табамыз. Сонымен бірге бөліп төлеу қарыстырылған. Қызметіміз кепілдендірілген. Біз дамып келеміз. Такси агрегаторлары, сақтандыру компаниялары және қымбат автокөлік иелері бізбен жұмыс істегісі келеді», дейді Жандос Тұрсымбаев.

Тимур Турлов CTOgram жобасының әлеуеті зор екенін айтады. Сонымен бірге орта бағадағы автокөлік қызметін қамти алатынын және барлық қажетті ресурстарға ие екеніне сенімді. Ол шешім қабылдайтын кезде стартапты дайындаған топтың қысқа мерзімде айтарлықтай нәтиже көрсеткенін ескерген.

«Бізде «CTOgram» жобасымен бірнеше байланыс нүктелері бар, бұл практикалық тәжірибе және интеграция тұрғысынан да пайдалы болатыны сөзсіз. Атап айтқанда, біз өз клиенттерімізге жоғары сапалы қызмет көрсету үшін жаңа құралдарды алуға мүмкіндік беретін жедел дамып келе жатқан сақтандыру бизнесімен байланыс көріп отырмыз», дейді Турлов.

Компания бұған дейін екі рет инвестиция тартқан. 2019 жылы жеке инвесторлар Олжас Жиенқұлов, Талғат Исмаил, Әнуар Сейфуллин және Руслан Рақымбай «CTOgram«»-ға инвестиция құйған. Ал 2021 жылы инвестициялардың келесі раундының аясында Сингапурдың Quest Ventures қорынан және қазақстандық Most Ventures венчурлық қорынан 700 000 доллар қаражат тартылған. Бұл қаражат ТМД аймағындағы бизнесті кеңейтуге жұмсалған.

«CTOgram» қызметіне келер болсақ, ол көлік иелеріне автокөлік қызметтері мен қажетті қосалқы бөлшектерді жылдам табуға көмектеседі. Деректер базасында 250 000 автокөлік иесі, 71 қосалқы бөлшек жеткізуші тіркелген және 2 000 автокөлік қызметі бар.

2017 жылы Тимур Турлов қазақстандық электронды коммерция нарығындағы ең ірі ойыншы – Chocofamily холдингінің капиталын иеленді. Мәміле нәтижесінде холдингтің 16,76% акциясы Турловтың бақылауына өтті. Ал 2019 жылы Турлов Choco Holding-тегі үлесін 18%-ға дейін ұлғайтты.

Сонымен бірге сол жылдың маусым айында Турлов Arbuz.kz интернет супермаркетіне 500 000 доллар инвестициялады. Arbuz.kz ұжымы жиналған капиталды жаңа фулфилмент орталығын салуға, автопаркті толықтыруға, ассортиментін кеңейтуге, сондай-ақ өздерінің IT жүйелерін одан әрі дамытуға жұмсады. 2020 жылы кәсіпкер инвесторлармен бірігіп, BI Group-тың Naimi.kz атты маман іздеу қызметінің үлесін сатып алып, оның платформасы мен маркетингін әзірлеуге 1 миллион доллар инвестиция құйды.

2021 жылдың желтоқсанында Турлов логистика саласына қатысты қазақстандық Relog ITкомпаниясының инвесторларының бірі болды. Кәсіпкер бұл жобаға 700 000 доллар инвестициялаған. Сол айда кәсіпкер PayBox электрондық коммерциялық төлем компаниясын сатып алуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Freedom Holding-тің нақты қашан және қаншаға PayBox қызметін сатып алғаны туралы деректер жоқ. Бірақ БАҚ-та 2022 жылдың маусымында қызметтің ребрендингі туралы ақпарат пайда болды.

2021 жылдың маусым айында Турловтың холдингі Medtronic байқауында әлемдегі үздік медициналық жобалардың ондығына кіріп, EY нұсқасы бойынша үздік инновациялық стартап деп танылған қазақстандық Cerebra жобасына 1 миллион доллар инвестициялады. Cerebra – инсультті ерте диагностикалауға арналған бағдарламалық құрал.

Ал 2022 жылдың күзінде Тимур Турлов EasyTap дүкендер мен мейрамханаларында сағатқа жұмысшы жалдау қызметінің онлайн сервисінен үлесін сатып алды. Сол жылдың соңында кәсіпкер смарт қалаларға арналған шешімдерді әзірлеуші ​​қазақстандық Sergek Group компаниясының 35% үлесін де сатып алатынын жариялаған.  

2023 жылдың сәуір айында Freedom Holding Choco портфолиосының бір бөлігі – Aviata/Chocotravel қызметтерін 32,3 миллион долларға сатып алғанын жариялады. Мәміле 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстанда мемлекеттік бағдарлама аясында микро, шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелеуге арналған онлайн платформа іске қосылды. Freedom Holding Corp пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бірлесіп әзірлеген бұл жоба арқылы кәсіпкерлер 6-7 сағатта несие рәсімдей алады.

Ал мамыр айында байлығы еселене түскен еліміздегі ең бай 50 бизнесменнің тізімі жарияланды. Онда Тимур Турлов 3,1 миллиард доллар байлығымен бесінші орында тұр.

Сондай-ақ оқыңыз