Фото: shutterstock.com
Мамыр айырда ұлттық валюта АҚШ доллары үшін 1,2%-ға, яғни, 447,71 теңгеге дейін нығайды. Қазақстан қор биржасындағы орташа күндік сауда-саттық көлемі бір айда 152 млн АҚШ долларынан 144 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Жалпы сауда-саттық көлемі 2,9 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық банк валюта нарығына қатысты ақпараттық хабарлама жариялады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілері өткен айда 323 млн валюталық түсім сатқан. Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейдегі банктер арқылы валюта нарығында сатуды өз бетінше жүзеге асыруды жалғастырады.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін сатылған валюта 800 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сатылған валюта жалпы сауда-саттық көлемінің 28%-ын және күніне шамамен 40 млн АҚШ долларын құрады.
Ал сәуір айында Ұлттық қордан 600 млн доллар сатылған еді. Былтыр осы мақсатта Ұлттық қордан 4,3 млрд доллар мөлшерінде валюта сатылған болатын.
«Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операция жүргізу барысында нарықтық бейтараптық қағидатын ұстанады. Бұл шетел валютасын үнемі және біркелкі сатуды білдіреді. Осы тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді, делінген хабарламада.
Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында биржа сауда-саттығынан шетел валютасын сатып алан. Оның жалпы сомасы 240 млн АҚШ долларын немесе жалпы нарық көлемінің шамамен 8%-ын құрады.
Ұлттық Банк мамыр айында валюталық интервенция жүргізген жоқ.
«Маусымда Ұлттық қордан сатудың нақты көлемі Қаржы министрлігінің республикалық бюджетке трансферттер бөлуге арналған өтінімдеріне байланысты болады. Қаржы министрлігінің қолда бар болжамдық бағдарлары негізінде қажетті трансферттер сомасы бойынша Ұлттық Банк алдын ала маусымда Ұлттық қордан 500 млн АҚШ долларынан 550 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды жоспарлап отыр. Маусымда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін валюта сатып алу 200 млн АҚШ долларынан 250 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде күтілуде», делінге хабарламада.