Таза табысы жоқ Bereke Bank 2022 жыл үшін дивиденд төлемейтін болды

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Bereke Bank жай акциялары бойынша дивиденд төлемейтін болды. Мұндай шешім акционерлердің 2023 жылдың 30 мамырында өткен жылдық жалпы жиналысында қабылданған. Акционер шешімін банк KASE-ге хабарлаған.

Оған себеп – банк 2022 жылы таза табыс таппаған. Акционер сонымен қатар банктің 2022 жылға аудиттелген есебін бекітті.

«Облигациялары Қазақстан қор биржасының ресми тізімінде тұрған «Bereke Bank» АҚ жылдың 30 мамырында өткен акционерлердің жылдық жалпы жиналысының шешімдері туралы KASE-ге хабарлады. Акционерлер мынадай шешім қабылдады:

-2022 жылға банктің аудиттелген қаржылық есептілігі бекітілсін;

-2022 жылға таза табыстың болмауына байланысты банктің жай акциялары бойынша дивидендтер төленбесін», делінген KASE хабарламасында.

Қазіргі Bereke Bank – бұрынғы «Сбербанк Қазақстанды» «Байтерек» ҰБХ 2022 жылдың қыркүйегінде сатып алған еді.

«Бәйтерек» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев «Сбербанк Қазақстан» ребрендинг жүргізіп, «Береке банк» аталатынын мәлімдеген. Холдинг банктің қаржылық жағдайы тұрақтанған соң, жаңа инвесторға сатпақ. ҚНРДА Bereke Bank инвесторға сатылған кезде шыққан шығын өтеледі деп тұжырымдайды.

Банк Ресейдің еншілес ұйымы кезінде АҚШ санкциясына ілігіп кеткен еді. 2023 жылдың 8 наурызында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) қаржы институтын Specially Designated Nationals (SDN) санкциялық тізімінен және секторлық санкциялар тізімінен (SSI) шығарды.

Ұлттық банк мәліметі бойынша, бұл банк 1,5 триллион теңге активімен ЕДБ арасында тоғызыншы орында тұр. 1,4 трлн теңгесі – міндеттемелер. Меншікті капитал 131,4 млрд теңгені құрайды

Сондай-ақ оқыңыз