46 млн залал келтірді деген күдікпен «ӨзенМұнайГаз» бас директорының орынбасары ұсталды

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: kursiv.media

Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті лауазымдық өкiлеттiгін асыра пайдаланып, ауыр салдарға алып келді деген күдікпен «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Б.Мамбетсапаевты ұстады. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз орталығы хабарлады.

Б.Мамбетсапаев лауазымдық мәртебесін пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы бекітілген қағидаларды өрескел бұзып, өзінің бірқатар таныстарын «Өзенмұнайгаз» АҚ-на заңсыз кіргізген.

«Жаңаөзен қаласының 9 мыңнан астам тұрғыны аталған компанияға жұмысқа кіруге кезекте тұр. Ал Мәмбетсапаевтың таныстары жұмыссыздар қатарында болмаған және тиісті мамандыққа біліктігі сәйкес келмеген. Б.Мамбетсапаев мұны анық білген. Бұл Жаңаөзен қаласы тұрғындарының компанияға жұмысқа орналасу құқығының өрескел бұзылуына әкеп соққан», делінген хабарламада.

Құзырлы органдар Б.Мамбетсапаевтың заңсыз іс-әрекетінен мемлекетке 46 млн теңгеден астам залал келгенін мәлмдеді.

Қазіргі таңда Б.Мамбетсапаевтың басқа да заңсыз әрекеттері, компанияның лауазымды тұлғалардың және мердігер мекемелердің бюджет қаражатын жымқыру фактілері тексеріліп жатыр.

Тергеу жұмыстары жалғасуда.

Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Жаңаөзен қаласының жұмыссыздары туралы айтқан болатын.

«Бізде ресми түрде тіркелген 17 мың жұмыссыз бар. Оның 9 мың осы Жаңаөзеннен. Тоғыз мың адам кезекте, жұмыс күтіп жүр. Бұл орайда біреулерді шетке ысырып қойып, екіншілерінің ғана мәселесін шешуді әділетсіз деп санаймын. Өйткені жұмыссыз жүрген азаматтардың жұмыс істеуге құқы бар. Мен мынаны айтқым келеді, «Берәлі» мұнайшылары әділдікті қалаймыз дейді. Ендеше олардан соңына дейін әділ болуды сұрар едім. Сол себепті де «Қазмұнайгаз» сол жұмыс күтіп жүрген азаматтардың ішінен штатқа адам алмақшы. «Берәлі» жұмысшыларын ешкім күтіп отырмайды. Өйткені өндіріс жұмыстары тоқтап қалмау керек», деді әкім.

Сондай-ақ оқыңыз