Жаңалықтар

Home Credit Bank 2022 жылға дивиденд төлемейді

Фото: kursiv.media

Актив көлемі бойынша он үшінші орында тұрған Home Credit Bank 17 миллиард теңге таза пайдасын дивиденд төлеуге жұмсамайды. Бұл туралы компания KASE-ге хабарлаған.

«Home Credit Bank-тің 2022 жылғы 17 млрд теңге көлеміндегі таза кірісін бөлмей және өткен жылдардың бөлінбеген таза пайдасы шотында қалдыруға шешім қабылдады», – делінген құжатта.

Қаржы ұйымының акционерлері мұндай шешімді 2023 жылдың 30 мамырында қабылдады. Сонымен қатар банк 2022 жылға аудиттелген қаржылық есептілікті бекітті.

Соңғы бір жылда несие мекемесінің таза табысы, аудиттелген есебіне сәйкес, 1,8 есе азайып, 17 млрд теңгені құрады. 2022 жылы Хоум Кредит Банкінің активтері 14,2 , 542,7 млрд теңгеге өскен. Ал міндеттемелері 13,9% көбейіп, 411,1 млрд теңгеге дейін жетті.

Активтері былтыр жыл соңынан 2023 жылдың наурызына дейін 3,3%-ға өсіп, 560,8 млрд теңгеге жетті. Бірінші тоқсанда таза пайда 3,7%-ға азайып, 7,4 млрд теңгені құрады.

PPF Group – ресейлік «Хоум Кредит» банкінің негізгі акционері, осы компания арқылы қазақстандық Home Credit Bank-не иелік еткен. Бірақ Ресей Украинаға соғыс ашқан соң, чех холдингі ресейлік активтен құтылып, нәтижесінде топ-менеджер Йиржи Шмейц өзінің меншік үлесін 34,7%-ға жеткізген. Ал қалған бөлігі компаниялар тобының топ-менеджерлері иелігінде.