Қазақстан КҚК арқылы Еуропаға мұнай тасымалдауда ЕО-ның қолдауына сенеді – Тоқаев

Жарияланды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының екінші кездесуінде Қазақстанның ЕуроОдақпен ынтымақтастықты арттыратынын айтты.

«Энергетика секторы – Қазақстанның Еуропалық Одақпен өзара іс-қимылындағы негізгі бағыттарының бірі. Біз энергия ресурстарын тасымалдау бағыттарын әртараптандыру бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта Қазақстан мұнайының Еуропаға экспортының 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы жүзеге асырылады. Ортақ мүдделерге сүйене отырып, біз осы стратегиялық маңызды мұнай құбыры арқылы ұзақ мерзімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін ЕО-ның одан әрі қолдауына сенеміз», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге президент Әзірбайжан елімен әріптестікті нығайтып, тығыз ынтымақтастықта біз Транскаспий бағытын дамытатынын айтты. Биылғы жылдың басынан бері Қазақстан мұнайы Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты бойынша жылына 1,5 миллион тонна көлем мұнай тасымалдаған. Орта мерзімді перспективада біз Ақтау-Батуми бағытында мұнай экспорты кеңейеді, сондай-ақ Транскаспий бағытының құбырлары арқылы тасымалданатын мұнай көлемі де ұлғаяды.

«Қазір Қазақстан «Дружба» құбыры арқылы Германияға мұнай жеткізе бастады. Ағымдағы жылдың басынан бері 90 мың тонна көлемінде жеткізілім жүзеге асырылды. Бұл көрсеткішті алдағы уақытта ұлғайту мүмкіндігімен жылына 1,2 миллион тоннаға жеткізу мүмкіндігі бар», деді Президент.

Транскаспий бағыты бойынша тек мұанай ғана емес сонымен бірге басқа тауарлар тасымалданатынын, Қазақстан өз кезегінде Шығыс пен Батыс арасы жалғайтын алтын көпір қызметін атқаратынына тоқталды.

«Біз сондай-ақ Транскаспий бағытын Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен байланыстыруға келістік. Өткен жылы бұл көлік артериясы арқылы 1,7 миллион тоннаға жуық жүк тасымалданғанын атап өткім келеді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда екі есе көп», деді Тоқаев.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің болжамы бойынша Транскаспий бағытының өткізу қабілеті 2030 жылға қарай жылына 250-300 мың контейнерге дейін ұлғаятынын алға тартқан президент цифрлық шешімдерді енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жүргізу арқылы бұл бағыттың әлеуеті барынша арта түсетінін айтты.

Бұл бағыт Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия және Түркия елдерінің аумағы арқылы дамиды.

«Біз еуропалық серіктестерді Каспий теңізі порттарын дамытуға, олардың қызметін цифрландыруға, сондай-ақ көлік кемелерін бірлесіп шығаруға және логистикалық қоймаларды құруға белсенді қатысуға шақырамыз. Еуропалық экспорттаушылар үшін Транскаспий бағыты бойынша жүктердің кері транзиттеу мүмкіндігі туады», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз