Қазақстанда геологиялық барлау шарттары өзгеруі мүмкін

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
Фото: shutterstock

Белгілі бір аумақта геологиялық барлау жұмыстарын жүргізген компаниялар ол кен орнын одан әрі барлау және өндіру құқығына ие бола алады Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

«Біз заманауи барлау әдістерін қолдануға баса назар аударамыз. Атап айтқанда, жер қойнауын геологиялық барлау. Талқыланып жатқан нұсқалардың бірі – жер қойнауын пайдалану құқығын геологиялық барлау жүргізетін компанияға беру, осы компанияның барлау және өндіру құқығын сақтап қалуы. Біз заңнамаға енгізілер өзгерісті талқылап жатырмыз», – деді ол Astana Mining & Metallurgy 13-ші Халықаралық тау-кен металлургия конгресінде.

Оның айтуынша, бұл жаңалық геологиялық барлау саласына инвесторлардың келуін ынталандыруы тиіс.

«Әлемдік компанияларды елімізде геологиялық барлау жүргізуге шақырамыз. Барлау нәтижесінде не тапса, соны өндіретін болады», – деді Қарабаев.

ИИДМ басшысы сонымен қатар шетелдік компанияларды қазан айында өтетін пайдалы қазбалар кен орындарын игеру бойынша аукционға қатысуға шақырды.

«Қазан айында баланс қоры 46 миллиард доллар болатын 25 кен орны бойынша толық цифрландырылған ашық онлайн аукцион өткізуді жоспарлап отырмыз. Инвесторларды осы аукционға белсене қатысуға шақырамын», – деді ол.

Бұған дейін Қарабаев Қазақстандағы мыс өндірісі 2027 жылға қарай 2022 жылғы 453 мың тоннадан 1 миллион тоннаға дейін артады деп болжаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз