Қазақстандағы көмір өнеркәсібінің болашағы қандай?

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Қазақстанның көмір өнеркәсібі еліміздегі электр энергиясының 70 пайыздан астамын өндіретін кәсіпорындарды отынмен қамтамасыз етеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 117 млн тоннадан астам көмір өндірілді. Көмір экспорты 32,5 млн тоннаға жеткен.

Көмір өндірісінің өзекті мәселелері Астанада өткен көмір өнеркәсібінің IV форумында талқыланды. Қазір бұл сала үшін қатты отынды байыту, тың экспорттық маршруттарды іздеу және қайта өңдеуде жаңа технологияларды енгізу маңызды болып отыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шарханның айтуынша, көмір саласын­дағы 30-ға жуық кәсіпорын 30 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ал «Республикалық тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы» АЖО атқарушы директоры Николай Радостовецтің сөзінше, көмір табиғи жағдайларға тәуелділігі аз, ең арзан энергия ресурсы болып қала береді. Қазіргі уақытта елімізде барланған көмір қоры – шамамен 34 миллиард тонна.

«Алдағы жылдарда Еуроодақ елдері тарапынан қазақстандық көмірге деген жоғары сұраныс бола береді. 2023 жылдың қаңтар-сәуірінің қорытындысы бойынша экспорт көлемі 3,9 млн тоннаға жетіп үлгерді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 4 пайызға көп. Транскаспий халықаралық дәлізі және Балтық бағыты көмір экспортына қатысты үлкен перспективаларды ашады. Дегенмен қазір сала белгісіздік жағдайында тұр. Үкіметтің Қазақстан экономикасын декарбонизациялау саясатын және көмір өнеркәсібін одан әрі әртараптандыру бойынша нақты жоспарлардың жоқтығын ескере отырып, көмір өндірудің болашақ перспективаларына қатысты белгісіздік бар. Бұл компанияларға әрі қарай жұмыс істеуге және шығындарды жоспарлауға көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік бермейді», дейді Николай Радостовец.

Оның айтуынша, көмірді қайта өңдеу нәтижесінде 250-ден астам өнім түрін алуға болады, оның ішінде сұйық отын да бар.

«Көмірден жаңа өнімдер өндіру жаңа жұмыс орындарын құруға және өндіріс тізбегін көбейтуге мүмкіндік береді. Соның арқасында бюджетке қосымша ақша түседі. Алайда көмірді өңдеу жобаларының құны әлі жоғары қалып отыр, бұл еліміздегі көмір химиясын дамыту мүмкіндігін шектейді», деді қауымдастық өкілі.

Иран Шархан болса мемлекет тарапынан қолдау шараларының жоқ екеніне қарамастан көмір өндіруші кәсіпорындар қатты отынды байытуда және өңдеуде өз күштерімен заманауи технологияларды енгізіп жатыр дейді.

«Саладағы проблеманың бірі – қосымша құны жоғары жаңа өнімдер: газ, бензин, мотор майын алу үшін көмірді тереңірек кешенді өңдеу жобаларын жүзеге асыру қажеттілігі. Көмір өндірісін ұлғайту бойынша 2029 жылға дейін 8 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Екібастұз ГРЭС-1 және 3 жаңа энергоблогының құрылысы басталды. 2028 жылдан бастап Көкшетау мен Семейде ЖЭС іске қосылады. 2025 жылдан бастап кезең-кезеңімен 12,8 млн тоннаға дейін ұлғайта отырып Өзбекстанға көмір жеткізу қарастырылуда. Экспорт бағыттары кеңейтіледі», деді министрлік өкілі.

Форум барысында «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов көмір химиясын дамытуды ынталандыру үшін көмір кен орындары маңында арнайы экономикалық аймақ құрылуы тиіс деп есептейді.

«Соның арқасында жаңа компанияларды кейбір салықтардан босата отырып, көмір химиясы мен аралас өндіріс орталықтарын құруға болады. Әрі бұл еліміздің «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заңында қарастырылған мемлекеттің мақсатына да сәйкес келеді. Қытайға жұмыс сапары кезінде ірі көмір өңдеуші компаниялармен және тау-кен қауымдастығымен кездестік. Қолжеткізілген келісімдер аясында ҰКП алаңында бірлескен жобаларды жүзеге асыратын жұмыс тобы құрылмақ. Соның ішінде көмірді қайта өңдеу және қосылған құны жоғары көмір өнімдерін өндіру саласында», деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз