Жаңалықтар

Біз үшін тәуелсіздік – ең қымбат құндылық – Президент

«Независимость — это наша главная ценность»: Токаев поучаствовал в церемонии поднятия флага

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде «біз үшін тәуелсіздік – ең қымбат құндылық» деп атап өтті. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Жиын елордадағы «Атамекен» этно-мемориал кешенінде өтті.

«Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – күллі халқымызға қастерлі нышандар. Біз үшін тәуелсіздік – ең қымбат құндылық, ал туымыздың асқақ желбірегені – аса биік мәртебе» – деді Мемлекет басшысы.

Президент қастерлі нышандарымызды құрметтеу әрбір азаматтың перзенттік парызы екеніне назар аударып, бүгінгі салтанатты рәсімнің тағылымдық мән-маңызына тоқталды.

«Біз асыл құндылықтарымызды аяқ асты етуге жол бермейміз. Биыл мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамдарды жазалау шаралары күшейтілді. Түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Отаншылдық мемлекеттік рәміздерді қастерлеуден басталады. Біз ұлттық нышандарымызды ұлықтау арқылы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетеміз. Оларды отансүйгіштік, жасампаздық рухта тәрбиелейміз. Сондықтан бүгінгі салтанатты рәсімнің тағылымдық, тәрбиелік мәні айрықша», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанатты рәсім барысында жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды.

 4 маусым күні Президент ел тұрғындарын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, «мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – кез келген азамат пен патриоттың парызы» екенін атап өтті.

 Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні 2007 жылдан бері аталып келеді. Бұл туралы Жарлыққа Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылғы 4 маусымда қол қойды. Сол жылы, 2007 жылы республикада мемлекеттік рәміздер туралы заң қабылданды.