«ҚазМұнайГаз» компаниясы 1 жай акциясы үшін 491,71 теңге дивиденд төлейді

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ 2022 жылғы пайдадан әр жай акцияға 491,71 теңге төлемек. Осылайша, жалпы дивиденд сомасы шамамен 300 миллиард теңгені құрайды. Бұндай шешім компания акционерлерінің жылдық жалпы жиналысында шығарылған.

KASE-ге жолданған баспасөз мәлімдемесіне сәйкес, акционерлердің жылдық жиналысы 2 маусымда өтіп, 2022 жылдың аудиттелген көрсеткіштері негізінде осындай шешімге келген.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы 2023 жылдың 2 маусымында шығарылған акционерлердің жылдық жалпы жиналысы отырысының күн тәртібіне енгізілген әрбір негізгі мәселе бойынша сырттай дауыс беру нәтижелерін жариялайды. АЖЖЖ өткізу кезінде орналастырылған акциялардың жалпы саны 610 119 492 құрады. 2023 жылдың 29 сәуіріндегі жағдай бойынша акционерлердің тізіміне, сондай-ақ акционерлердің иелігіндегі номиналды ұстаудағы акциялардың меншік иелері туралы мәліметтерге сәйкес Компанияның дауыс беретін акцияларының жалпы саны 591 819 316 жай акцияны құрады, бұл Компанияның АЖЖЖ-ға дауыс берген дауыс беретін акцияларының жалпы санының 97%-ын құрайды» делінге хабарламада.

Дивидендтер акционерлер тізімінде бар тұлғаларға 2023 жылдың 20 маусымынан төлене бастайды.

2022 жылы «ҚазМұнайГаздың» шоғырландырылған таза пайдасы 2,4%-ға өсіп, 2,9 млрд долларды құраған.

“ҚазМұнайГаз» негізі 2002 жылы қаланды, бүгінге оның 87,42% акциясы «Самұрык-Қазынаға» тиесілі болса, қалғаны (9,58%) – Қазақстан Ұлттық Банкінің иелігінде.

2022 жылдың желтоқсанында IPO-ға шыққан «ҚазМұнайГаз» акцияларының қайталама сауда-саттығы ашылған болатын. 

Сәуір айында «ҚазМұнайГаз» акцияларының бағасы IPO-ға шыққан сәттен бастап 23,8% өскені белгілі болды.

Алайда 2023 жыл І тоқсанындағы қаржы нәтижесін жариялағаннан кейін, компанияның акциялары қайта арзандай бастады.

ҚМГ-ның 2023 жылдың 1 тоқсанындағы таза пайдасы 288 млрд теңгені (726 млн доллар) құраған. Бұл 2022 жылдың І тоқсанындағы 332 млрд теңгемен (726 млн доллар) салыстырғанда 13,4% аз.

Таза пайданың азаюына:

  • Brent маркалы мұнай орташа бағасының 20,6%-ға төмендеуі;
  • өндіріс шығынының өсуі (атап айтқанда, қызметкерлер жалақысын арттыру және мердігерлік жұмыстарға арналған бюджеттерді түзету) – 38,9%-ға өсуі себеп болған.

Компания  өткен жылдың аяғында IPO-ға шығып, акцияларының 5 пайызын сатылымға шығарған еді. Ол кезде бір акцияның құны 8 406 теңгені құраған.

Сондай-ақ оқыңыз