Жаңалықтар

«Қазақтелеком» компаниялар тобының таза пайдасы бірінші тоқсанда 14% – ға артты

Фото: предоставлено «Казахтелеком»

Еліміздің ірі телеком-операторы ағымдағы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша қаржылық есепті жария етті.

Құжатқа сәйкес, «Қазақтелеком» компаниялар тобының кірісі 17% – ға артып, 167 млрд теңгеден асты (2022 жылғы 1 тоқсанның қорытындысы бойынша 143 млрд теңге). Бұл ретте кіріс қызметтердің тіркелген және мобильді сегменттерінде бірдей қол жеткізілді. Негізгі қаржы-шаруашылық көрсеткіштерінен басқа, компания мамандары іске асырылған және жоспарланған жобалар, оның ішінде елде 5G желілерін өрістету, Транскаспий желісін салу, сондай-ақ қалалар мен ауылдарда желілік инфрақұрылымды дамыту туралы айтты.

«Қазақтелеком» компаниялар тобының таза пайдасы бірінші тоқсанда 14% – ға артып, 33,3 млрд теңгені құрады (2022 жылғы 1 тоқсанның қорытындысы бойынша 29,2 млрд теңге). EBITDA көрсеткіші 21% – дан аса өсіп, ал оның кіріске қатысты рентабелділігі өткен жылдың сәйкес кезеңінің қорытындысына қарағанда 47%-дан 49% – ға артты.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша компаниялар тобы өз қызметінің барлық негізгі қаржылық көрсеткіштерінің өсуіне қол жеткізіп, тамаша нәтижелер көрсетті. Атап айтқанда, өткен жылы Топтың кірісі 7% – ға артып, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 594 млрд теңгеге қарағанда 634 млрд теңгені құрады, ал таза пайда 128 млрд теңгеден асып, бір жыл ішінде 32% – дан астам өсті.

«Менің ойымша, мұндай нәтижелерге кешенді шаралардың арқасында нақтырақ айтқанда, операциялық қызмет пен бизнес-процестерді жақсарту, шығындарды оңтайландыру, тиімділікті арттыру және, әрине, дұрыс инвестициялық саясат есебінен қол жеткізуге болады. Кез-келген бизнесте, әсіресе телекоммуникация саласында көп нәрсе қайда және қалай инвестициялауға тікелей байланысты. Біздің Стратегиямыз қандай да бір жобаларды итнвестициялау арқылы, өз инфрақұрылымын жаңартып жетілдіру арқылы, компанияның барынша өсіп дамуына қол жеткізуге бағытталған. Бұл тәсіл өзінің өміршеңдігін бір емес, бірнеше рет дәлелдеді: өткен жылғы және ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы қаржылық есеп қорытындысы таңдалған стратегияның дұрыстығын тағы бір растап отыр», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Бас қаржы директоры Людмила Атамуратова.

Фото: предоставлено «Казахтелеком»

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1-тоқсанында телеком-оператордың кең жолақты интернетке қосылған клиенттік базасы 6 мың абонентке, соның ішінде қалаларда 2,7 мың және ауылдық елді мекендерде 3,3 мың абонентке өсті. Сонымен қатар, еліміздің 136 ауылында порт сыйымдылығын кеңейту есебінен порт саны 10 мыңнан аса ұлғайтылды, республиканың елді мекендерінде қосылуға 2,8 мың өтінім қабылданды және бұл көрсеткіш әлі де өсіп келеді. Жалпы, жыл басынан бері телеком-оператор қалада ғана емес, ауылдық жерлерде де желіні дамыту бойынша жұмысты жандандырды. Бүгінгі таңда, мысалы, «радиокөпір» технологиясы бойынша республиканың 10 ауылында 1500-ден астам үй шаруашылығы интернетке қосылған. «Қазақтелеком» 160 ауылдық елді мекенде 10 мыңнан астам тұрғынды жаңа радио көпірлерді орнату есебінен телеком-қызметтермен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, ал LTE сымсыз технологиясы бойынша елімізде тағы 50 мың жаңа абонент жоғары жылдамдықты интернетке және сапалы байланысқа қосылатын болады.

«Өз инфрақұрылымымызды дамытуға және қазақстандықтарды барлық заманауи телекоммуникация қызметтерімен қамтамасыз етуге алдағы бірнеше жылда шамамен 370 млрд теңге инвестиция салуға ниеттіміз. Сонымен қатар, осы қаражаттың едәуір бөлігі республикада бесінші буын байланыс стандартын орналастыруға бағытталатын болады. Қазіргі уақытта 4 қалада – Астана, Алматы, Түркістан және Шымкентте 5G стандарты бойынша 106 базалық станция жұмыс істейді. ағымдағы жылдың соңына дейін 2 мыңнан астам базалық станцияны орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, біз «Azertelecom» компаниясымен бірлесіп «Әзірбайжан-Қазақстан» бағыты бойынша Каспий теңізінің түбінен талшықты-оптикалық желі жүргізу бағытында халықаралық күрделі жобаны белсенді түрде жалғастырамыз. Оны іске асыра отырып, біз халықаралық трафикке қосымша шығуды және Қазақстан аумағы бойынша Азия елдерінен және суасты кабелі арқылы Әзірбайжанға дейінгі Жаһандық трафиктің транзитін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа арнаға қол жеткіземіз одан әрі Грузия, Қара теңіз, Болгария арқылы Еуропаға шығамыз», – деді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Фото: предоставлено «Казахтелеком»

Айта кетейік, «Қазақтелеком» бүгінде республиканың телекоммуникациялық нарығының ірі ойыншысы болып табылады, бас компанияның және оның еншілес құрылымдарының кең жолақты қолжетімділік қызметтерін 1,9 млн астам абонент қолданып отыр, «Қазақтелеком» тобына кіретін ұялы операторлар – «Кселл» АҚ және «МТ-С» ЖШС 14,5 млн ұялы байланыс абонентіне қызмет көрсетеді, одан бөлек Компанияның ақылы теледидар сегментіндегі 931 мың абоненті бар. Бұдан басқа, «Қазақтелеком» бүкіл ел бойынша 7 мыңнан астам мектепті, 6 мыңға жуық аурухананы және 17 мыңға жуық мемлекеттік мекемені байланыспен және кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп отыр. Фискалдық деректер операторы ретінде компания 560 мыңнан астам бизнес субъектілеріне қызмет көрсетеді, 300 мыңнан астам белсенді бақылау-кассалық машиналары бар. Жалпы, компанияның инфрақұрылымына 87 000 км-ден астам оптикалық желілер, 14 000-нан астам базалық станциялар, 27 деректер орталығы, 40 000 қалалық бейнебақылау камералары кіреді.