Сауд Арабиясының өндірісті қысқарту туралы шешімі мұнай бағасына әсер етті

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы Сауд Арабиясы мұнай өндірісін қысқартқанын жариялағаннан кейін бірнеше сағаттан соң, мұнай бағасы 2%-ға көтерілді.

Атап айтқанда, Brent фьючерстері барреліне 77,64 долларды құраған. Бұл 1,5 долларға немесе 2%-ға қымбат. Ал АҚШ-тың Батыс Техас мұнайы барреліне 1,41 долларға қымбаттап, барреліне 73,15 долларды құрады.

4 маусымға дейін Сауд Арабиясы тәулігіне 10 миллион баррельге жуық мұнай өндіріп келді. Ал шілдеде бұл көлем 9 миллион баррельге дейін төмендейді. Сауд Арабиясының бұл ұйғарымы соңғы жылдары қабылданған ең маңызды шешім, әрі мұнай бағасына айтарлықтай өз әсерін тигізеді.

Венадағы соңғы кездесудің қорытындысы бойынша ОПЕК+ елдері мұнай өндірудің жалпы деңгейін 2024 жылдан бастап тәулігіне 40,46 миллион баррельге дейін түзетуге келісті. Бұл орайда Ресей де мұнай өндіруді өз еркімен қысқарту мерзімін ұзартуға келісіп, жыл бойы тәулігіне 500 мың баррельге аз мұнай өндіретінін мәлімдеген.

Алайда Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (AERC) сарапшылары Ресей мұнай нарығына қатысты зерттеу жариялап, онда көрші елдің мұнай өндірісін қысқартқанына күмән келтірген.

Bloomberg басылым да Ресейде газ өндірісі төмендегенімен, мұнай өндірісі артып келе жатқанын жазды.

Қазақстан да мұнай өндіруді қысқарту туралы шешімнің қолданыс мерзімін 2024 жылға дейін созады. Бұл жайлы Энергетика министрлігінің баспаөз орталығы хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз