2022 жылы «Қазхром» басшыларының жалақысы мен сыйақылары 59,2%-ға өскен

Жарияланды
Шығарушы редактор

ERG копаниялар тобына кіретін «Қазхром» компаниясы 2022 жылы таза кірісін 485,9 млрд теңгеге дейін жеткізді. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 11,8%-ға (434,6 млрд теңге) артық. «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ 2022 жылғы шоғырландырылған қаржы есебі бойынша аудиторлық есебін KASE-ге ұсынған.

2022 жылы акцияға шаққандағы пайда 4,4 мың теңгені құрады. Алдыңғы жылы ол 4 мың теңге болған. Компанияның сауда көлемі 1,3 трлн теңгеге (2021 жылы 1,1 трлн), өнімнің өзіндік құны 589,3 млрд теңгеге (458,7 млрд теңге) дейін өскен.

Атап айтқанда, жоғары көміртекті феррохромды сатудан 981,4 млрд теңге (871,9 млрд теңге), тазартылған феррохромнан – 167 млрд теңге (78,8 млрд теңге), кремний қорытпаларынан – 137,3 млрд теңге (105,5 млрд теңге), басқа да өнімдерден – 3,6 млрд теңге табыс түскен,

Жалпы және әкімшілік шығыстардың айтарлықтай өскені байқалады: 2021 жылғы 40 млрд теңге болса, 2022 жылы 67,6 млрд теңге жұмсалған. «Қазхром» басшылығының жалақысы, сыйлықақы мен сыйақылары да бірден 59,2%-ға өсіп, 1,3 млрд теңгеге жеткен.

Компания пайдалы қазбаларды өндіруге салық төлемдерін 2021 жылы 17,4 млрд теңгеден 15,6 млрд теңгеге дейін төмендеткен.

«Қазхром» ТҰК» АҚ (бұдан әрі – «Компания») 1995 жылы 20 қазанда тіркелген. Ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес акционерлік қоғам нысанында құрылған.

Қаржы есебіне сәйкес, «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның тікелей бас компаниясы – Нидерландыда тіркелген KCR International B.V. Ал түпкі компаниясы – Eurasian Resources Group S.à r.l. ( «ERG») Люксембургте тіркелген. ERG-дің түпкі иелері: ҚР Қаржы министрлігі – 40%, Александр Машкевич және Ибрагимовтар отбасы – 20,7%, Патох Чодиев –18,6% пайыз акциясына иелік етеді.

Топтың негізгі қызметіне хром және марганец рудасын өндіру, хром рудасын сату, ферроқорытпаларды өндіру мен сату кіреді. Топтың өндірістік активтері Қазақстан Республикасында орналасқан. Оның құрамында Дөң тау-кен байыту комбинаты (Хромтау, Ақтөбе облысы), Қазмарганец кен басқармасы (Қарағанды ​​облысы), Ақсу (Павлодар облысы) және Ақтөбе (Ақтөбе облысы) ферроқорытпа зауыттары бар.

Сондай-ақ оқыңыз