Жаңалықтар

Құлыбаевқа тиесілі компанияның жеке капиталы 7 есе қысқарған

Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Каспий нефть» компаниясы өзінің жеке капиталын 6,8 есе – 109 миллиард теңгеден 16 миллиард теңгеге дейін қысқартты. Бұл туралы ақпарат Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған.

Меншікті капиталдың кірістілігі (ROE немесе пайданың капитал құнына қатынасы) 2021 жылдың соңындағы 45,41%-дан 305,15%-ға дейін өскен. ROE компанияның пайда табу үшін меншікті капиталды қаншалықты жақсы пайдаланатынын өлшейді. ROE неғұрлым жоғары болса, компания акционерлері үшін табыс соғұрлым жоғары болады. Меншікті капитал азайып, ROE өсетін жағдай қарызды өтеген кезде туындауы мүмкін. «Каспий-Нефть» қаржы есебінде компанияның соңғы бір жылда несие бойынша берешегін пайызбен қайтарғаны көрсетілген. Жалпы сомасы 93,8 млрд теңгені құраған

Активтердің кірістілігі (ROA) да 2021 жылғы 29,38%-дан 65,33%-ға дейін өсті. Бұл көрсеткіш компанияның активтерін пайдалану тиімділігін өлшейді және пайданың активтер құнына қатынасына тең.

Таза пайда аздап төмендеген: 49,6 млрд теңгеден 49,04 млрд теңгеге дейін. Атырауда орналасқан компанияның активтері де 2 есе: 167,8 млрд теңгеден 75 млрд теңгеге дейін қысқарды. Міндеттемелері 59 миллиард теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 500 миллионға аз болды. Қолма-қол ақша мен оның баламалары 10 млрд теңгеден 6 млрд теңгеге дейін қысқарды.

Компания 2022 жылға төлейтін дивиденд сомасы пайдадан үш есе жоғары – 142,1 млрд. Мәлімдемеде төлемдердің жалғыз акционердің шешіміне сәйкес жүргізілгені көрсетілген. Компанияның басқарушы топ-менеджерлеріне 2022 жылы 325,2 млн теңге және 2021 жылы 360 млн теңге өтемақы төленген. Директорлар кеңесі мүшелерін 2022 жылы 55,9 миллион теңге, ал 2021 жылы шамамен 60 миллион теңге төленген.

Компанияның сыртқы және ішкі нарықта мұнай сатудан түскен кірісі 1,2 есе – 163,2 млрд теңгеден 197,1 млрд теңгеге дейін өскен.

Сатылған өнімнің құны 35,3 млрд теңгеден 50,8 млрд теңгеге өсті. Өткізу шығындары (экспорт, кедендік баж, тасымалдау) 46,5 млрд теңгеден 66,9 млрд теңгеге дейін артты. Жалпы және әкімшілік шығыстар 1,5 есе өсіп, 3,5 млрд теңгеге жетті. 2022 жылы компания қайырымдылық көмекке 1,2 млрд теңге жұмсаған.

2022 жылға негізгі капиталдың таза баланстық құны 36 млрд теңгені құрады. Мұнай өндіруге арналған ғимараттар, құрылыстар мен негізгі қорлардың баланстық құны 28,5 млрд теңгеге дейін өскен. Басқа мұнай-газ активтерінің құны 2022 жылы 892 млн теңгені құрады. 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша толық амортизацияланған, бірақ әлі де пайдаланылып жатқан негізгі құралдардың жалпы баланстық құны 3,7 млрд теңге болған.

«Каспий» Нефть – Каспий аймағында жұмыс істейтін мұнай өндіруші компания. 1997 жылдан Атырау облысы, Жылыой ауданында орналасқан Айранкөл кен орнында шикі мұнайды барлау, өндіру, алғашқы өңдеу, тасымалдау және сатумен айналысады. Компанияның жалғыз акционері – Joint Resources, түпкілікті бенефициар – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, ең бай қазақстандықтардың бірі Тимур Құлыбаев. 2022 жылдың үшінші тоқсанында Joint Resources өз пайдасын 105,3 млрд теңгеге дейін өсірген.

Тимур Құлыбаев Қазақстандағы ең бай адамдардың үштігіне кіреді. 4,3 млрд АҚШ долларына тең байлығы бар кәсіпкердің активтері бір жылда 400 млн долларға өскен. Тимур Құлыбевтың әйелі Динара Құлыбаеваның байлығы арта түсіп, тізімде үшінші келеді. Оның да байлығы 4,3 млрд долларға тең.

Бұған дейін Тимур Құлыбаевтың компаниясына тиесілі Атырау қаласындағы «Сұйытылған мұнай-газды сақтау паркінің» 50% акциясы Атырау мұнай өңдеу зауытына қайтарылған еді. Сот шешімі бойынша АМӨЗ меншігіне Атырау қаласындағы Сұйытылған мұнай-газ сақтау паркінің 50% үлесі берілген.

Сонымен қатар биыл Тимур Құлыбаевқа тиесілі компаниядан құны 6 млрд теңгелік жер телімі қайтарылды.  2014 жалпы ауданы 3,8484 га жер учаскесі «Достық строй» құрылыс компаниясы» ЖШС-нің меншігіне өтіп кеткен. 7 жыл бос жатқан әскери госпитальдың жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарының қалай байығанын тексеру қажет пе деген сұраққа жауап беріп, «бәрін заң аясында шешу керек» деді.