Жаңалықтар

Ұлттық Банкі ЖОО-на 50 білім грантын бөлді

Фото: kursiv.media

Қазақстан Ұлттық банкі биыл ЖОО-ғы 50 орынға білім грантын бөлді. Бұл жайлы қаржы институтінің баспасөз орталығы хабарлады.

Атап айтқанда, «Назарбаев Университеті» ДББҰ Жоғары бизнес мектебінде «Қаржы бойынша ғылым магистрі» бағытына – 15 грант, «Нархоз университеті» КЕАҚ «Қаржы талдаушысы», «Қаржылық тәуекел-менеджмент», «Макроталдау және болжау» саласына – 20 грант, «Қазақстан-Британ техникалық университеті» АҚ «Қаржылық тәуекел-менеджмент және деректер туралы ғылым», «Макроқаржы және деректер туралы ғылым» және «Қаржылық технологиялар» бағыттарына – 15 грант бөлінеді.

Бағдарламалар негізінде қаржы, экономика, қаржылық технологиялар, бухгалтерлік есеп, тәуекел-менеджмент, статистика, эконометрика, математика, машина оқыту және бағдарламалау бойынша мамандар даярланады. Сонымен қатар ол мамандар болашақта – Ұлттық Банк пен оның еншілес ұйымдары үшін, сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жұмысқа алынады.

Бұл бағдарламалар бойынша оқу кезеңінің басталуы 2023 жылдың тамыз-қазан айларына жоспарланған. Оқуға түсу үшін кандидаттар Университеттердің талабы мен өлшемшартына сәйкес, конкурстық іріктеуден өтеді.

«Назарбаев Университеті» ДББҰ бағдарламасы бойынша оқу кезеңінің ұзақтығы – 16 ай болса, «Нархоз университеті» КЕАҚ және «Қазақстан-Британ техникалық университеті» АҚ бағдарламалары бойынша оқу кезеңі – 2 академиялық жылды құрайды.

Бағдарламалардың мазмұнымен және оқуға қабылдауға қойылатын талаптармен жоғарыда аталған үш оқу орнының ресми сайтында танысуға болады.