Фото: kursiv.media
Бүгін Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығының ұймдастыруымен «Astana Finance Days» конференциясы өтіп жатыр.
2018 жылдан бері өтікізілетін бұл шараға 70-тен астам елден 3000-ға жуық қатысушы келді. Олардың ішінде мемлекеттік органдардың өкілдері, қаржы-экономика сарапшылары мен мамандары, әлеуетті инвесторлар, бизнес иелері, сонымен қатар ірі халықаралық банктердің, шетелдік қор нарықтарының, мұнай-газ компанияларының, криптобиржалардың басшылары бар. Олар әлемдік және қазақстандық қаржы салаларының өзекті мәселелерін, үрдістері мен мүмкіндіктерін талқылайды.
«Қазақстанның шетелдік инвестицияларды тартуға жақсы мүмкіндіктері бар, алайда қаржыға деген өсіп келе жатқан жаһандық бәсекелестік жағдайында мемлекеттер капиталды тарту үшін жаңа құралдарды іздестіруге мәжбүр. Осы тұрғыда «Astana Finance Days» конференциясы өзекті мәселелерді талқылау және өсу мақсатындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашу үшін бір алаңда әртүрлі тараптарды жинады», дейді АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров.
Әр елден келген сарапшылар қаржы индустриясының инновациялары мен үрдістері, соның ішінде финтех, цифрлық активтер, венчурлік капитал және саланың әлеуетін дамыту тақырыптары төңірегінде сөз қозғайды.
Сонымен бірге «жасыл» экономика мәселесі де қарастырылып, көміртек шығындыларын төмендету саласын орнықты қаржыландырудың жаңа құралдары, сондай-ақ ESG стандарттары, төмен көміртекті және оған толыққанды көшуді қамтамасыз ету үшін қажетті басқа тетіктер жайында сөз қозғайды.
Қазақстанның макроэкономикалық даму болашағы мен инвестициялық мүмкіндіктері, экономикалық тұрақтылықты қолдау және инфляциялық қысымды төмендету жөніндегі саяси шаралар, IPO және АХҚО биржасы – AIX-тің эмитенттері бизнесінің ағымдағы жай-күйін талқылау да конференция күн тәртібіне қойылған.