Елімізде 4 миллионнан аса азамат әлеуметтік төлем алады. Бұл туралы Мәжіліс отырысында премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов мәлімдеді.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ мемлекет басшысы биыл инфляция деңгейін екі есеге төмендетуді тапсырғанын айтып, азық-түлік бағасын бақылау қажет екенін ерекше атап өткеніне назар аударды.
«2022 жылы халықтың ақшалай табысы бір пайызға төмендеген. Ал әлеуметтік төлемдер 9%-дан 11%-ға ұлғайды», – деді депутат Үнзила Шапақ.
Соған байланысты Алтай Көлгіновтен инфляция деңгейі мен әлеуметтік төлемдердің ұлғаюы мөлшерлес болуы керек деп есептейсіз бе деп сұрады.
«Үкіметтің әлеуметтік төлемдерді инфляция деңгейіне дейін ұлғайту жоспары бар ма?», – деп сұрады депутат.
Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов тұрғындардың табысы азайғанын айтып, бұл бойынша қабылданған шараларға тоқталды.
«Былтыр инфляцияның жоғары болуына байланысты азаматтардың табысы төмендегені рас. Сондықтан биылға Үкімет бірқатар іс-шара қабылдады. Әлеуметтік осал топтарды, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтар, тұтастай алғанда 900 мыңнан аса азаматқа әлеуметтік төлем көлемі көтерілді. Жылдың басында 8,5%, 1 шілдеден 14,5%. Тұтастай алғанда 23%-ға көбейді. Зейнетақыға байланысты ең төменгі базалық мөлшерлеме 21%-ға көтерілді. Дәрігерлерге 30%-ға, мұғалімдерге 25%-ға жалақысы артты. 1 млн 200 мың азаматтық қызметкерлердің жалақысы көбейді», – деді Алтай Көлгінов.
Айтуынша, 4 млн 400 мың азамат мемлекеттен 4 трлн 700 млрд теңгеге қолдау алады.
«Бюджеттен тыс айтар болсақ, 2 мыңнан аса мекемеде 1 миллионға жуық қызметкер бар. Оларға жалақы 10%-дан 50%-ға дейін мекеме есебінен көтерілді. Бюджет шығысын қарасақ, бюджеттің 40%-ға жуығы – 8,5 трлн теңге әлеуметтік қолдауға жұмсалады», – деді премьер-министрдің орынбасары