«Эйр Астананың» британдық акционері компания IPO-сын халықаралық биржада өткізуді қалап отыр

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі

«Эйр Астана» компаниясының 49 пайыз акциясына иелік ететін британдық BAE Systems IPO -ны халықаралық қор биржасында өткізуді талап етіп отыр. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жанаділ мәлімдеді.

«Біз олардың (Air Astana – Курсив) IPO-ға дайындығы туралы айтып отырмыз. Жергілікт биржаға биыл шығуды ұсынып жатырмыз. Біз тіпті жақсы беделді инвестор тауып қойдық. Олар осы IPO-дағы негізгі инвестор, олардың ұстанымымен санасуымыз шарт. Енді олар «Эйр Астана» халықаралық биржаға да, жергілікті биржаға да шығуы керек деп отыр», – деді ол  Capital markets forum аясында.

Оның айтуынша, болашақ IPO туралы келіссөз жалғасып жатыр7

«Біз дұрыс жолды таңдап, «Эйр Астананы» IPO-ға 2024 жылы шығаруды жоспарлап отырмыз. Сол уақытқа қарай халықаралық нарықтағы құбылмалы жағдай реттеліп қалар деген үміттеміз», – деді Жанәділ.

Қаңтар айында Air Astana басшысы Питер Фостер президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның IPO-сы 2024 жылы өтетінін айтқан. Компания IPO-ға шығады деп жүргелі біраз жыл болды. 2020 жылы қор нарығына шығуы тиіс еді, кейін 2 жылға шегеріліп, сосын IPO 2023 жылы өтеді делінді.

Қазақстанда екі биржа бар: Қазақстан қор биржасы (KASE) және Астана халықаралық қаржы орталығының биржасы (AIX). Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, компания халықаралық биржаға шықса, қазақстандық қор биржада инвесторларға акциялар пакетінің кемінде 20 пайызын ұсынуы тиіс.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қазіргі екі акционердің әрқайсысы бірдей акциялар пакетін орналастыру мәселесі қарастырылып жатқаны хабарлаған. Бұл ретте Еуропа аспанында ұшарда жеңілдіктер алу үшін, компания акцияларының басым бөлігі қазақ инвесторларының меншігінде болуы шарт. «Эйр Астана» компаниясының 51% акциясы – «Самұрық-Қазына» қорына, ал 49% акциясы британдық BAE Systems компаниясына тиесілі. BAE Systems (Kazakhstan) Limited — әуе, құрлық, теңіз бен ғарышта қорғаныс және аэроғарыш жүйелерін әзірлеп жеткізетін британдық BAE Systems plc еншілес кәсіпорны.

«Эйр Астана» әуе паркінде 43 ұшақ бар. 2023 жылдың соңына дейін компания тағы жеті ұшақ алуды жоспарлап отыр. 2027 жылдың соңына дейін авиатасымалдаушы флоты 64 ұшақты құрайтын болады.

Сондай-ақ оқыңыз