Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі бір жарым ай ішінде жабылады

Жарияланды (жаңартылды )

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі таяудағы бір жарым ай ішінде қайта құрылымдалады. Бұл туралы Мәжілісте ҚР Премьер министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір Назарбаев кеңсесін қайта құрылымдау жүріп жатыр.

«Кеңседе жұмыс істеген адамдардың бір бөлігі басқа ұйымдарға ауысады. Ал қалған қызметкерлер жұмыстан қысқартылады. Кеңсе қайта құрылымдау сатысында. Менің ойымша, бір жарым ай ішінде мәселе шешіледі», – деді Қаржы министрлігінің басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айында Тұңғыш Президент Кеңсесі 2023 жылға арналған шығындарды 708,9 млн теңгеден 591,2 млн теңгеге дейін қысқарту туралы хабарлаған. Алайда, ҚР Қаржы министрлігінің қорытынды құжатында кітапхана шығындары бойынша тағы қосымша қаражат тіркелді.

Назарбаевтың кеңсесі дегеніміз не?

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Кеңсесі 2000 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Кеңсе кешеніне кітапхана, мұражай, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу орталығы кіреді.

Үш жылға арналған бюджетте (2023-2025 жылдар) кітапхананы ұстауға 5,6 млрд теңге бөлінді.

Сондай-ақ оқыңыз