Фото: kursiv.media
Қазастанда ITS жаңа биржасы жұмыс істей бастады. Бұл жайлы «Астана» халықаралық қаржы орталығы хабарлады.
ITS жаңа биржасы АХҚО жанынан ашылып, оның сауда алаңында әлемдік бағалы қағаздардың саудасы басталып кетті. Алайда бұл биржа ресейлік брокерлермен жұмыс жүргізбейді.
Бұл биржада инвесторлар NYSE және NASDAQ биржаларындағы АҚШ листингінде тұрған 1500-ден астам акциялар мен депозитарлық түбіртектерді саудалай алады. Ол тізімге Baidu, Intel, JD.com, Microsoft, NVIDIA, AstraZeneca, Rio Tinto, Shell және т.б. эмитенттердің бағалы қағаздары бар.
«ITS-тің негізгі стратегиялық мақсаты – Қазақстан үшін принципті түрде жаңа сауда және өтімділік технологияларын пайдалана отырып, халықаралық нарықтағы бағалы қағаздардың кең тізіміне қол жеткізу арқылы инвесторларға барынша инвестициялық мүмкіндіктер беру. ITS бойынша сауда-саттықтың басталуы инвесторлар санын арттырады деп күтеміз. Азия елдерінен халықаралық инвесторлардың бағалы қағаздары жергілікті компаниялардың қызығушылығын оятады деп үміттенеміз», дейді ITS Басқарма төрағасы Шыңғыс Қанапьянов.
Компания басшысы сауда алаңы ресейлік брокерлер мен бағалы қағаздарымен жұмыс істемейтінін баса айтты.
«ITS бөлшек инвесторларға қызмет көрсететін ресейлік брокерлерге де, ресейлік бағалы қағаздарға да қызмет көрсетпейді. Бұл біздің бизнес үлгімізге келмейді, сондықтан да біз ресейлік брокерлермен жұмыс істемейміз», деді Қанапьянов.
Бағалы қағаздар нарығындағы ең ірі қазақстандық кәсіби қатысушылар мен аккредиттелген және АХҚО-да тікелей тіркелген қаржылық делдалдар ITS-тің тікелей клиенттері бола алады. Инвесторлар мен жеке және заңды тұлғалар қазақстандық брокерлер мен банктер арқылы сауда жасауға мүмкіндік алады.
ITS сауда-саттық басталғаннан кейінгі бірінші жартыжылдықта платформаға шамамен 15 кәсіби қатысушы қосылады деп күтеді. Бөлшек сауда инвесторлары брокерлер қосылған кезде ғана ITS саудасына қол жеткізе алады.