Жаңалықтар

Қазақстанға тіркелгеннен Рolymetal инвесторларын жоғалтпайды – компания өкілі

Фото: kursiv.media

Polymetal International PLC компаниясы Қазақстанға шілденің ортасына қарай толық көшіп болады. Бұл жайлы «Astana Finance Days» конференциясында компанияның Инвесторлармен байланыс жөніндегі директоры Евгений Монахов айтты.

Компания өкілі редомициляция процесі туралы айтып, бұл орайда не себепті Қазақстанды таңадағанына тоқалды.

«Біздің компания Ұлыбританиядан Қазақстанға интеграция жасап жатыр. Оған геосаяси жағдай себеп болды. Бірақ қиындықтарға қарамастан өз бизнесімізді дамытып жатырмыз. Біз бұл орайда «Астана» халықаралық қаржы орталығын таңдадық. АХҚО инфрақұрылымы біздің талаптарымызға сай келді. Сонымен бірге Қазақстанда біздің екі кен орнымыз бар. Сол себепті де біз осы елге көшуді жөн санадық. Шілденің ортасына қарай біз Қазақстанға толық көшіп боламыз», деді Евгений Монахов.

Компанияның жалпы 10  кен орны бар. Ресейде – 8 болса, Қазақстанда – 2. Бұл сала бойынша екі елде де компания 2-ші орында тұр. 1998 жылы құрылған компанияның негізгі бағыты бағалы металдар. Алайда Ресейдегі Полиметалға Батыс санкция салды. Бұл жағдай компания табысына да айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Десе де, компания өкілінің болашаққа қатысты болжамы жақсы.

«Қазақстандағы Бақыршық кеніші ең үлкен алтын кен орны саналады. Осыған сәйкес біз алтынға қатысты ресурстық материалдық базаны кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге Павлодарда жаңа бір жобаны бастағымыз келіп отыр. Онда біз жаңа технологиялармен жұмыс істейтін боламыз. Бұл жобадан күтетін үміт көп. Оған қосымша көрші елдерден де кен орындарын іздестіреміз. Біздің білуімізше, бұл елдерде де қазба байлығы мол кеніштер өте көп. Сондықтан да өз инвесторларымызды жоғалтып аламыз деп ойламаймын», деді компания өкілі.

Компания өкілі сонымен бірге алдағы уақытта дивидендтерді кешіктірмей төйлетінін, одан түсетін табыс көлемі де азаймайтынын айтты.