Фото: Ашық дереккөздерден
Депутат Жигули Дайрабаев 7 маусымда Жамбыл облысы Тұрара Рысқұлов ауданында өткен сот ісі бойынша жеңілді, деп хабарлайды Pravo.kz телеграм арнасы.
Жамбыл облысы Тұрара Рысқұлов ауданының судьясы Сержан Қалқабаев Меркі ауылында заңсыз сатылған үйге қатысты үкімі шығарды.
Атап айтқанда, сот Саит Рузиевтің талап арызын толығымен қанағаттандырды. Ол Рузиевтің бұрынғы әйелі мен Жигули Дайрабаевтың арасындағы сату-сатып алу мәмілесінің күшін жойды. Заңнамаға сәйкес үй бірлесіп сатып алынған мүлік ретінде танылды және ондағы Саит Рузиевтің үлесін анықтау туралы шешім шығарылды.
Бұған дейін депутатқа Меркі ауылынан заңсыз үй сатып алып, Кеңес ауылындағы ауылшаруашылық жерлерін тартып алды деген айып тағылған.
Ауған соғысының ардагері Саит Рузиев пен оның бұрынғы әйелі арасындағы сот бірнеше жылға созылған. Рузиев бұрынғы әйелі құжатты қолдан жасап, Меркідегі ортақ үйді Жигули Дайрабаевқа сатып жібергенін айтқан.
Қазақстандықтар басы дауға қалған мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың өкілеттігін тоқтату туралы петиция жариялап, ол құжатқа бір айдың ішінде 5,5 мыңға жуық адам қол қойған.
Сондай-ақ, бұған дейін Жамбыл облысы, Кеңес ауылының тұрғындары агрофирманың ауылдық жерлерді басып алғанын хабарлаған. Жергілікті халық фирманың 10 мың гектар жерді алаяқтық жолмен иемденгенін айтып, шағымданған. Ауыл тұрғындарына дивиденд төленетіні айтылған, алайда ешқандай қаражат төленбеген. Бұл істе де Жигули Дайрабаевтың есімі аталған. Бірақ депутат көпшілік алдында бұл алаяқтыққа өзінің қатысы жоғын мәлімдеген.