Google Ресей нарығынан шығып, өз қызметін Қазақстан нарығына қайта форматтайды

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: kursiv.media

Google Ресей нарығынан шығып, өз қызметін Қазақстан нарығына қайта форматтайды. Бұл жайлы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың жетекшілігімен Астанада өткен дөңгелек үстелде айтылды.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен АҚШ Сауда палатасы ұйымдастырған шараға екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес саласының 100-ден астам өкілі жиналды.

Оларыдың арасында Apple, Microsoft Corporation, The Boeing Company, Chevron, The Coca-Cola Company, EPAM Systems, ExxonMobil, Google, General Electrics, Mastercard, Valmont Industries, Baker Hughes сияқты 20-дан астам АҚШ ірі компанияларының өкілдері де бар.

Жиын барысында «Apple», «Google», «Microsoft» ақпараттық-технологиялық ірі корпорациялары Қазақстанның IT саласындағы зор әлеуеті туралы айтып, аймақтағы қатысуын кеңейтуге дайын екенін атап өтті.

Google компаниясының өкілі ресейлік нарықтан шығып, өз қызметін Қазақстанға қайта форматтайтынын айтты. Мұндағы басты мақсат – Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейту.

Microsoft компаниясының да Қазақстанда Орталық Азия, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Моңғолия және Пәкістан елдерін қамтитын көп аймақтық Хаб құратыны хабарланған болатын. Енді компания қазақстандық цифрлық экспортты кеңейту үшін IT мамандарын оқытуды жоспарлап отыр.

Ал ірі өнеркәсіптік компания Boeing авиация саласында білікті жұмыс күшін тәрбиелеу үшін Қазақстанда персоналды оқыту бастамасын енгізді. Сонымен қатар, Boeing Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсін ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев  2021 жылы тауар айналымы пандемияға дейінгі деңгейге көтерілгенін жеткізді. Айтуынша, сауда көлемі 2021 жылы 2,2 млрд долларды құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 38%-ға көтеріліп, 3,05 млрд долларға жеткен.

Ал «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов 2022 жылы АҚШ-тан келген инвестицияның жалпы ағыны 82 пайызға өсіп, 5,1 миллиард долларды құрағанын, жалпы, 2005 жылдан бері АҚШ Қазақстанға 95 миллиард доллардан астам инвестиция құйғанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз