Базалық мөлшерлеме өсуі мүмкін деген болжам аясында Nasdaq индексі 1,3%-ға құлдырады

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: Shutterstock

Маусымның жетісі Америка құрама штатттарының (АҚШ) қор нарығы сауданы әралуан нәтижеде аяқтады. S&P 500 бен Nasdaq индекстері Канаданың орталық банкі базалық мөлшерлемені көтергеннен кейін құлдырап кетті. Бұл туралы MarketWatch сайты хабарлайды.

Ауқымды нарық индексі S&P 500 – 0,4%, технологиялық Nasdaq Composite 1,3%-ға төмендесе, Dow Jones өнеркәсіп индексі 0,3%-ға өсті.

Канаданың орталық банкі төрт айдан кейін ақша-кредит саясатын қайта қатаңдата бастады. Осы елдің Ұлттық банкі қабылдаған бұл шешім АҚШ инвесторларының көңіл-күйіне теріс ықпал етті. Оның басты себебі – қор нарығының қатысушылары дәл сондай жағдай АҚШ-та да қайталануы мүмкін деп қауіптенеді.

Трейдерлер Федералды резерв жүйесі базалық мөлшерлемені таяу арада өзгертпейтініне 66 пайыз мүмкіндік бар деп ойлайды. Алайда, Канада қаржы реттеушісінің күтпеген жерден қабылдаған шешімінен кейін инвесторлар ФРЖ мөлшерлемені бір рет сол қалпында сақтап, кейін қайта ұлғайта бастайды деп, қобалжып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз