Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сәрсенбі, 7 маусым күні ұсталған «Amanat» партиясының бұрынғы мүшесі, экс-депутат Нұржан Әлтаевтың ісіне қатысты ақпарат таратты.
7 маусым күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша экс-вице-министр, бұрынғы депутат Н.Б. Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұстаған болатын.
«Н.Б. Әлтаев Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейіннен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде жүйелі негізде «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы А.И. Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды деп күдіктенеді. 2018-2020 жылдар кезеңінде жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқара отырып, ол А.И. Мырзахметовтың мүддесі үшін әрекет етіп, оның ұйымына мемлекеттік тапсырыстарды алуына ықпал етіп, жалпы қамқоршылық көрсеткен», делінген Агенттік таратқан ақпаратта.
Қазірі Нұржан Әлтаев Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында отыр. Тергеу жалғасуда.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Естеріңізге саламыз, 10 мамырда Антикоррупциялық қызмет «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының экс-төрағасы А.И. Мырзахметовті ұстады. Ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деп күдіктенетіні хабарланған болатын.
Астана қаласының ауданаралық мамандандырылған тергеу соты күдікті Абылай Мырзахметовке қатысты 2 айға қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы қабылданды.