Бір жылдан кейін доллар бағамы 472,6 теңгеге дейін өсуі ықтимал – болжам

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Нарық қатысушылары Ұлттық банк шілде айындағы отырыста базалық мөлшерлемені 16,75%-дан 16,5%-ға дейін төмендетеді деп болжайды. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының нарық өкілдері арасында жүргізген сауалнамасына қатысқандардың жартысы осындай пікір білдірген. Ал 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 13,5%-ға дейін төмендеуі ықтимал.

ҚҚҚ сауалнамасына қаржы нарығының өкілдері, банк, сақтандыру, брокерлік ұйым өкілдері, сараптама бөлімдерінің қызметкерлері қатысты. Олардың қатарында «Отбасы Банк», «Банк ЦентрКредит», «Халық банкі», «Еуразиялық банк», «Аманат» сақтандыру компаниясы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және т.б бар.

Респонденттердің пікірінше, еліміздегі инфляцияның баяулауы базалық мөлшерлеменің төмендеуіне себеп болады. Мысалы, өткен айда инфляция 0,6%-ға дейін баяулаған. Бұл – соңғы бір жарым жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Ұлттық банктің инфляцияны төмендету саясаты аясында жылдық инфляция сәуірдегі 16,8%-дан 15,9%-ға дейін азайды. ҰБ жыл аяғына дейін инфляция 11-14 пайыз аралығында қалыптасады деп отыр.

«Жеміс-жидек пен көкөніс маусымының басталуы және сыртқы инфляциялық қысымның төмендеуі алдағы уақытта базалық мөлшерлеменің төмендеуіне негіз болады. Инфляцияның ағымдағы 12 айда 15,9%-дан 12,9%-ға дейін баяулауы базалық мөлшерлеменің төмендеуіне ықпал етеді», – деп атап өтті қауымдастық сарапшылары.

Нарық өкілдері келесі айдың басында доллардың ұлттық валютаға шаққандағы бағамы бір долларға 453,2 теңгені (қазір 446,6) құрайды деп санайды. Ал бір жылдан кейін теңге бағамы бір долларға 472,6 теңгеге дейін өсуі ықтимал.

Сауалнамаға қатысушылар алдағы 1 жылда жалпы ішкі өнім де өсіп, 3,7 пайызды құрайды деген пікірде.

Ұлттық статистика деректері бойынша, 2023 жылдың мамыр айында баға жылдық мәнде 15,9%-ға өскен. Бұл сәуірге қарағанда 0,9 проценттік пунктке аз. Мұндай төмендеу соңғы үш айда байқалған.

26 мамыр күні Ұлттық Банк базалық мөлшелемені төртінші мәрте 16,75% деңгейінде белгіледі. Базалық мөлшерлеме соңғы рет 2022 жылдың желтоқсанында көтерілген еді.

«Қазақстанда проинфляциялық қысым фискалдық ынталандыру, тұрақты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер, сондай-ақ жанар-жағармай материалдары (ЖЖМ) бағасының өсуі мен күтілетін тұрғын-үй коммуналдық қызмет (ТКҚ) тарифтерінің көтерілуі тарапынан сақталуда», делінген ҰБ таратқан хабарламада.

Осылайша, қазіргі уақытта сыртқы инфляция тарапынан қысымның әлсіреуі есебінен тәуекелдердің жиынтық балансы дезинфляциялық факторлар жағына аздап ығысқан.

«Бұл 2022 жылғы қыркүйектен бастап инфляцияның тұрақты бөлігіндегі көрсеткіштердің баяулауын қоса алғанда, осы жылдың екінші жартысында базалық мөлшерлеменің біртіндеп және баяу төмендеуіне мүмкіндік тудыруы ықтимал», дейді Ұлттық банк.

Еуразиялық даму банкінің 2023-2025 жылдарға арналған макроэкономикалық шолуында Қазақстан экономикасы 2023 жылы 4,3%-ға, ал 2024 және 2025 жылдары 4,4%-ға өседі деп болжанған.

Сондай-ақ оқыңыз