Қазақстан қайталама санкцияға ұшырамас үшін заң талаптарын қатаң сақтап отыр – ҰЭМ

Жарияланды
Фото shutterstock

Қазақстан Батыстың қайталама санкцияларына ұшырамас үшін заң мен талапты қатаң сақтай отырып, Ресеймен серіктестігін жалғастырады. Бұл туралы «Астана» халықаралық форумы аясында өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті.

Баспасөз мәслихаты барысында журналистер министрден Ресеймен параллель импортқа қатысты түрлі ақпаратқа байланысты шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген көзқарасы өзгерді ме деп сұрады.

Министрдің айтуынша, қазір Қазақстан билігі Ресеймен Батыстың санкциялық талаптарын бұзбай, негізгі сауда серіктесі ретінде жұмыс істеуді жалғастыратын жүйе құра алды.

«Бұл санкциялар санкция салатын елге, соның ішінде оның тұрғындарына да қолданылуы мүмкін. Мысалы, АҚШ. Олар өз тұрғындарының әртүрлі түсініксіз мәмілелерге қатысуына үзілді-кесілді қарсы. Ал біз санкцияларды айналып өтетін аумаққа айналмайтынымызды ашық айтамыз», – деп түсіндірді Қуантыров Қазақстанның ұстанымын.

Ұлттық экономика министрі Қазақстан санкция салынған тауарлармен емес, ірі серіктестермен сауда-саттықты жалғастыратынын баса айтты. Оның үстіне, географиялық аумағы Ресеймен байланыс жасамай отыруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан нарық қатысушылары Қазақстанның Ресейдің Украинамен соғысына еш қатысы жоғын ескере отырып, шығынды барынша азайтып, жұмысын жалғастыруға тырысып жатыр.

Сәуір айында Қазақстанға сапары барысында Элизабет Розенберг «Ресей Федерациясына Батыстың санкцияларынан жалтаруға көмектесетін қазақстандық компаниялар мен банктерге қайталама санкция қаупі артып келеді» деп мәлімдеген еді.

Соның ертесі ҚНРДА басшысы Мадина Әбілқасымова қайталама санкция салынбас үшін қазақстандық банктер бүкіл талаптарды орындап жатқанын айтқан.

Ал «Ақжол» партиясының депутаттары Ресейге салынған санкцияны бұзған қазақстандық банктер мен компаниялардың атын атап, түсін түстеу керек дейді. Сонымен қатар олар Әлихан Смайылов бастаған үкімет Ресей Федерациясымен сауда-саттықта халықаралық санкцияларды сақтауға қатысты қандай шара қабылдап жатқанын сұрады. 

Мамыр айының ортасында Сыртқы істер министрі –Премьер-Министрдің орынбасары Мұрат Нұртілеу Брюссельге жұмыс сапарымен барып, Еуропалық Одақ өкілдерімен келіссөз жүргізді. Сондай-ақ олар Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсерін талқылаған еді

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қайталама санкцияға іліну қаупін болдырмау үшін Қазақстан тарапы мұндай тауарлардың тізімін жіті тексеретінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз