ҚМГ мен Eni компаниясы Жаңаөзен қаласында гибридті электр стансасын салады

Жарияланды

«ҚазМұнайГаз» ҰК мен италияның Eni компаниясы Жаңаөзен қаласында жаңартылатын энергия көздері негізінде Гибридті электр стансасының жобасын бірлесіп жүзеге асыратын болды. Аталмыш жоба қағидаттары туралы келісімге «ҚазМұнайГаз» ҰК Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Eni компаниясының Бас атқарушы директоры Клаудио Дескальци қол қойған. Бұл туралы ҚМГ баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл бірегей жоба қуаты 50 МВт күн электр стансасы, қуаты 77 МВт жел электр стансасы және қуаты 120 МВт газ электр стансасынан тұрады. Ол ҚМГ-нің өңірдегі еншілес компаниялары үшін тұрақты электр энергиясын өндіріп жеткізетін болады.

Жоба Eni компаниясының халықаралық индустриялық тәжірибесін қолданып, түрлі технологиялардан тұратын новаторлық гибридті кешен салуды көздейді. Атап айтқанда, еншілес кәсіпорны Eni Plenitude әзірлеген жаңартылатын энергия көздері негізінде жұмыс істейтін заманауи электр стансалары және қуат көзін теңестіретін (маневрлі қуат) газ электр стансасы. Бұл жалпы Маңғыстау облысын электрмен қамтуды әртараптандыруға және көміртек ізін азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, жоба өңірдегі білікті мамандарды жұмыспен қамтуға жаңа мүмкіндіктер береді.

«Бүгін серіктестерімізбен аталған келісімге қол қою рәсімі Мемлекет басшысының қатысуымен өтуі айрықша мәнге ие. Өйткені бұл жоба Президенттің экономиканы декарбонизациялау және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмасына сай жүзеге асырылып отыр. Eni-дегі әріптестерімізбен жемісті жүргізілген келіссөздердің арқасында бүгін біз Қазақстан энергетикасы үшін аса маңызды жобаның іс жүзінде орындалу кезеңіне қадам бастық», — деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Eni компаниясы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласында өзінің еншілес ұйымы Plenitude Arm Wind арқылы жұмыс істейді. Компания Ақтөбе облысында жалпы белгіленген қуаты 96 МВт болатын екі жел электр стансасы — Бадамша-1 және Бадамша-2 сияқты бірнеше жобаны жүзеге асырды. Қазіргі уақытта Түркістан облысының Шәуілдір кентінде қуаты 50 МВт күн электр стансасы салынып жатыр.

>

Сондай-ақ оқыңыз