Елімізде соңғы үш жылда 2 мыңнан аса орман өрті тіркелген

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Соңғы жылдары Қазақстанда орман өрті жиілеген. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, соңғы бес жылда орман өртінің саны 2.2 есе өскен.

Атап айтатын болсақ, елімізде соңғы үш жылда 2251 орман, 319 дала өрті тіркелген. 2022 жылы 701, 2021 жылы 749, 2022 жылы 801 оман өрті тіркелсе, 2020 жылы 130, 2021 жылы 115, 2022 жылы 74 дала өрті тіркелген екен.

Өңірлерге шаққанда оман өртінің көбі Шығыс Қазақстанда тіркеледі. Мұндағы орманды жерлер 2022 жылы 314 рет өртенген. Содан кейінгі орында Солтүстік-шығыс Қазақстан өңірі тұр. Павлодар облысының өзінде былтыр 141 оқиға тіркелген. Өрт аз тіркелетін аумақ Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстары. Ал Маңғыстау облысында өзінің табиғи ерекшелігіне байланысты болса керек, дала өрті мүлде тіркелмеген.

Ұлттық статиситка бюросы мәліметтерінде 2018-2022 жылдар аралығында орман қорының ауданы 2,6%-ға өскені келітірлген. Нәтижесінде ормандылық 0,3 пайыздық тармаққа өсіп, 5% құраған. Алайда соңғы 5 жылда орман өртінің саны 2,2 есе артып, 2022 жылы өрт шарпыған жер көлемі 104 мың га құраған.

Өңірлердің өртке дайын емес екені бір жыл бұрын айтылған

Ал 2021 жылы еліміздің орман қорында 751 өрт тіркеліп, өрттен 167 мың гектар орман алқабы жойылды, экологияға келтірілген зиянды есепке алмағанда, тікелей материалдық залал 6 млрд теңгеден асқан. Бұл жылы ең көп орман өрті Шығыс Қазақстанда – 194 жағдай тіркелген. Ал Ақтөбеде – 123 жағдай, Павлодар облысында – 114 жағдай, Қостанайда – 100 жағдай тіркелген. Бұл табиғи өрттердің себебі 43%-ы табиғи құбылыстардан, найзағай разрядтарынан туындаған, ал 50%-дан астамы адам әрекетінің нәтижесі. 

Өткен жылы сол кездегі Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Әлихан Смайыловқа берген есебінде өңірлердің өрт сөндіруге дайын еместігін айтқан, тіпті кейбір өңірлерде Табиғат қорғау және орман мекемелерінің жарақтандырылуы 50%-дан аспайтын боп шыққан. Атырау облысының әкімдіктеріне бағынысты мекемелерінде жарақтандыру 20%-ды, Қызылордада 33%-ды, Батыс Қазақстанда 47%-ды, Шығыс Қазақстан облысының Экология министрлігіне бағынысты мекемелерінде жарақтандыру 24%-ды, Ақтөбеде 47%-ды, Солтүстік Қазақстанда 48%-ды құраған.

«Қазіргі уақытта қолда бар әрбір бесінші техника бірлігі пайдалану мерзімінің ұзақтығына байланысты өртті жоюға дайын емес. Дала алқаптарындағы өрт қауіпсіздігінде де жағдай осындай. Соңғы 5 жылда еліміздің дала алқаптарында бес жүзден астам өрт пен 23 мың тұтану тіркелген. Нәтижесінде 1,5 млн гектар өртенді, ал шығын 121 млн теңгеден асты. Сонымен қатар осы кезеңде дала өрттерінің салдарынан 18 адам қаза тапты, 2 мыңнан астам мал басы өртенді», деген Юрий Ильин.

2022 жылы табиғи өртке байланысты 3 рет төтенше жағдай жарияланған

Ал 2022 жылы еліміздің орман қорында 801 өрт тіркелді, өрттен жойылған орман алқабы 103 мың гектарды құраған. Орман өрттерінің ең көп саны Абай облысында – 260 жағдай, Павлодар облысында – 150, Шығыс Қазақстан облысында-77, Ақмола облысында – 72 және Қостанай облысында – 57 орын алды. 2022 жылы 111 орман өрті тіркелді, өрттің ауданы 55 мың гектарды құрап, бұл ретте екі адам қаза тауып, үшеуі жарақат алған. Сонымкн қатар 500 бас мал өртенген.

«2022 жылы елді мекендердің аумағына табиғи жанудың 17 жағдайы тіркелді. Былтыр Қазақстан Республикасының аумағында табиғи өрттердің салдарынан 3 рет төтенше жағдай жарияланды. Табиғи өрттердің көбеюінің негізгі себептерінің бірі жауын-шашын тапшылығында, ерте көктемде және 2022 жылмен салыстырғанда орташа тәуліктік температураның жоғарылауында көрсетілген ауа райы жағдайлары болды», дейді Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов.

Өткен жылы алапат өрт Қостанай облысында тіркелді. 2022 жылдың 2 қыркүйегінде сағат 15:10-да басталған өрт 7 қыркүйек күні сағат 15.00-де ауыздықталды. Бұл өрттің таралуына жоғары температура мен секундына 20 метрге дейін соққан екпінді жел әсер етті. Тілсіз жаудан орман алқабының үлкен аумағы жойылып, сол маңдағы елді мекендерге қауіп төнді. Сол кездегі төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысындағы өрттің шығуына адам факторы себеп болғанын мәлімдеген.

Бұл өңірден барлығы 2091 адам эвакуацияланып, 12 адам жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақаттар, күйік шалып, уланған. 1935 жылы туған қария қаза тапты. 107,2 мың гектар жер өртенді. Сонымен қатар екі елді мекенді шарпыған от салдарынан 91 тұрғын үй жанып кетті. Өртті 700-ден аса құтқарушы сөндірген.

Осы жылы 34 көктемгі орман өрті тіркелген

Ал биылғы жағдайға келер болсақ, сәуірде Төтенше жағайлар минстрлігі өртке қауіпті кезең басталғаннан бері 34 көктемгі орман өрті тіркелгенін, өрттің жалпы ауданы 7 мың гектардан, ал шығыны 15 млн теңгеден асқанын мәлімлеген. Сонымен қатар, жыл басынан бері 235 дала өрті тіркеліп, өрт шарпыған аумақ 1 088 гектарды құраған. Бұған енді Абай облысындағы орман өрті қосылды.

Төтенше жағдайлар министрлігі жоғары өрт қаупі биыл да сақталатынын ескертеді. Қазгидрометтің болжамы бойынша алдағы өртке қауіпті кезеңде температура орта есеппен +25ºС, ал республиканың оңтүстік, шығыс және батыс бөлігінде температураның +30ºС дейін жоғарылауымен құрғақшылық пен жауын-шашын тапшылығы болжанады. Мұның бәрі, орман қорындағы өрт қаупін едәуір арттырады.

Биылғы Абай облысындағы алапат өрттің ауқымы да үлкен. Өкінішке қарай адам шығыны бар. Қаза тапқан орманшылар саны 14-ке жетті.

Осы жағдайға байлынысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарланған ресми сапарын кейінге шегеріп, шұғыл сапармен Абай облысына келді.

Тоқаев ТЖМ жұмысын сынға алып, Абай облысының әкіміне сөгіс жариялады.

Президент Абай облысындағы орман өртінің салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты 2023 жылғы 12 маусымды Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы өкімге қол қойды.

Сондай-ақ оқыңыз