Абай облысында өрт кезінде із-түссіз кеткен тракторшы іздестіріліп жатыр

Жарияланды

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Үкімет отырысы барысында Әлихан Смайыловқа ормандағы өрттің салдарын жою бойынша қандай жұмыс істеліп жатқанын баяндады.
Өңір басшысының айтуынша, өрттің ауданы – шамамен 60 мың гектар. Оның 43 мыңы – белсенді термонүктелер.

«Елді мекендерге қауіп жоқ. Қазір өрт сөндіру жұмыстары 2 бағытта жалғасып жатыр. Батыста өртті тоқтату үшін 300-ден аса жеке құрам, 30-дан аса техника, екінші бағытта 200-ден аса жеке құрам, 40-тан аса техника жұмыс істеп жатыр. Өртті сөндіруге 1 532 адам, 321 техника және 14 тікұшақ жұмылдырылды. Техниканы отынмен қамтамасыз ету үшін әкімдік 20 тонна жанармай, тағы 50 млн жағармайды KAZ Minerals компаниясы есебінен қамтамасыз етіледі», – деді Нұрлан Ұранхаев Үкімет отырысында.

Қазір Талица, Половинка елді мекендерінің тұрғындары эвакуцияланған. Ол жерде полиция кезекшілігі ұйымдастырылған.

«Тұрғындар Семей қаласы мен Бородулиха эвакуациялық пунктеріне орналастырылды. Өрт сөндіруге тартылған және эвакуацияланған адамдар үшін азық-түлік жеткілікті. Өрттен 3 үй, 2 техника өртенді. Ыс тиіп, уланған орман шаруашылығының 2 қызметкері жағдайы жақсарды. Жоғалған тракторшы Архиповты іздеп жатырмыз. Кеше оның тракторы табылды. Полиция оның орналасқан жерін анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», – деді облыс әкімі.

Ол мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Успенское» орман шаруашылығының қаза тапқан 14 жұмысшысының отбасына көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.

«Әрбір отбасыға бюджеттен және бюджеттен тыс қаражат шеңберінде қажет көмектің дербес карталары жасалды, сондай-ақ зардап шеккендерге көмек көрсету және өрт салдарын жою үшін арнайы «Ақ Ертіс» қайырымдылық қорында шот ашылды», – деді Ұранхаев.

Айтуынша, барлық мемлекеттік төлем уақытылы және толық көлемде көрсетіледі. Апат салдарын жою бойынша жұмыс бақылауда.

Бұған дейін, Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңгеден және әр балаға 2 млн теңгеден бөлінетіні хабарланған болатын.

Абай облысында алапат өрттен келген залалдың, сонымен қатар, зардап шеккен, қара жамылған отбасыларына көрсетілетін көмектің көлемін Үкімет жанынан құрылған арнайы комиссия анықтайтын болады. Осы комиссия құрамындағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері зардап шеккендердің отбасыларына қажетті әлеуметтік көмек көрсету көлемін де нақтылайды.

Сондай-ақ оқыңыз