Өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн және әр балаға 2 млн теңгеден бөлінеді

Жарияланды
помощь
Фото: Primeminister.kz

Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңгеден және әр балаға 2 млн теңгеден бөлінеді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен қатар 40-тан астам қазақстандық ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне гранттар мен жатақханадан орын беруге дайын. Оған қоса ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделген.

Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылды.

️Сонымен қатар қаза болғандардың отбасыларына келесі қолдау шаралары көрсетіледі:

  1. отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшесіне (кәмелетке толмаған балаларға) республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы;
  2. отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшесіне Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу бойынша біржолғы әлеуметтік төлемақы;
  3. қажетті жиһазбен жабдықталған тұрғын үймен қамтамасыз ету;
  4. БЖЗҚ-дан жерлеуге арналған біржолғы төлем.

Абай облысында алапат өрттен келген залалдың, сонымен қатар, зардап шеккен, қара жамылған отбасыларына көрсетілетін көмектің көлемін Үкімет жанынан құрылған арнайы комиссия анықтайтын болады.

Осы комиссия құрамындағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері зардап шеккендердің отбасыларына қажетті әлеуметтік көмек көрсету көлемін де нақтылайды.

Абай облысына барған Тоқаев Президент жанынан қор құрылып, қаралы отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіліп, өтемақы төлененетінін мәлімдеген еді.

Алапат өртті сөндіруге кеткен 14 орманшы қаза тапты. Қазіргі кезде өрт сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдар және Қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 300-ден астам техника жұмылдырылған. 

Сондай-ақ оқыңыз