Сейсенбі күнгі Үкімет отырысы Абай облысындағы алапат өрттен қаза тапқандардың рухына тағзым етіп, жұмысын бір минут үнсіздікпен басталды. Сондай-ақ, жиында күн тәртібінен тыс Абай облысындағы өрт мәселесі қаралады.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Абай облысындағы орман өртін сөндіру үшін уақытында тиісті шешім қабылданбағанын айтты.
«Бұған дейін өрт кеңінен тарамай тұрған сәтте оны сөндіру үшін шұғыл әрекет ету керек екенін ескерткемін. Өрттің таралуына жол бермес үшін техника мен адамдарды көбірек жіберу керек еді. Далада немесе орманда өрт шыққанда бірінші күні, алғашқы сағаттарда тиісті қадамдарды қабылдау өте маңызды. Ондай жағдайды дұрыс бағалап, кез келген апаттың алдын алуға барлық күш-жігерді жұмсау керек. Сонда ғана шығын азайып, адам өлімі мен ауқымды апаттан аман қалуға болады», – деді ол Үкімет отырысында.
Смайыловтың, экология министрлігі төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, елдің ұлттық парктері мен орман шаруашылықтарындағы өртті ерте анықтау және мониторинг жүйелерімен жарақтандыру жөнінде шаралар қабылдауы керек.
«Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге табиғи өртке қарсы әрекет ету алгоритмін қайта қарауы қажет. Ең бастысы – өртті толық ауыздықтап өшіру. Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы орындалуға тиіс. Үйлестіру Роман Склярда жүктеледі», – деді Әлихан Смайылов.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Үкімет отырысында өрт кезінде із-түссіз кеткен тракторшы іздестіріліп жатқанын мәлімдеген болатын. Облыс басшысының дерегінше, дүйсенбі күні оның тракторы табылды. Полиция оның орналасқан жерін анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.