Абай облысындағы орман өртіне байланысты әлі ешкімге айып тағылған жоқ

Жарияланды
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев / azattyq.org

Абай облысында тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Қазірге дейін шенеуніктің ешқайсысының іс-әрекеті сараланған жоқ. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев хабарлады.

Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан прокурорға БАҚ өкілдері «Тергеуге байланысты экс-төтенше жағдай министрі Юрий Ильинге Қазақстаннан шықпау туралы шектеу қойылды ма? Бас прокуратура шенеуніктердің іс-әрекетін саралағанша, олар Қазақстаннан кетіп қалмай ма?» деп сұрақ қойды.
Жандос Өмірәлиев тергеу енді басталғанын атап өтті.

«Жоқ, қазір бұл қылмыстық іс бойынша ешкімнің іс-әрекеті сараланған жоқ. Тергеудің басталғанына шамалы ғана күн өтті. Сондықтан мұнда сіз айтқан лауазым иесі де және басқа да лауазым иелеріне әлі қылмыстық іс бойынша статус жоқ. Олардың іс әрекеті сараланбады. Тиісті тергеу тобы барлық шараны қолданып жатыр», – деді бас прокурордың орынбасары Өмірәлиев.

Оның айтуынша, Абай облысындағы өрт дерегі бойынша 2 қылмыстық іс қозғалған.

«Біріншіден, «Семей орманы» резерватында Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған: өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, екі және одан да көп адамның қаза болуы. Қазір Бас прокуратураның арнайы қызметі осы қылмыстық істі тергеуге кірісті. Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Оған тәжірибелі білікті тергеушілер мен барлық құқық қорғау қызметінің жедел қызметкерлері кірді. Бүгінде тергеу тобы оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Топты Бас прокурордың орынбасарларының бірі басқарады. Іс Бас прокурордың ерекше бақылауында», – деді ол.

Екіншіден, экологияға орасан зор залал келгенін, қызметтік міндеттерін атқару кезінде орман шаруашылығының 14 қызметкерінің қаза табуы ескеріледі.

«Осылайша, лауазымды тұлғалардың немқұрайлылығы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғадық», – деді Бас прокурордың орынбасары.

Жандос Өмірәлиев Семей орманында болған қайғылы оқиғаға қатысы бар барлық шенеутік тергеуге алынатынын жеткізді.

«Қылмыстық істі тергеу аясында өз міндеттеріне, қызметіне жауапсыз қараған, өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамаған, осындай қайғылы оқиғаға, азаматтардың қаза болуына жол берген лауазымды адамдардың тізімі анықталады», – деді прокурор.

Сондай-ақ оқыңыз