Жаңалықтар

Алматы зообағында «Африкалық саванна» және «Арктика» кешендері салынады

Фото: kursiv.media

Алматының хайуанаттар бағы евростандарттарға сай болады. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы хайуанаттар бағының директоры Сейілхан Ақылбеков мәлімдеді.

Бақта көкөніс қоймасы бар жемшөп блогының құрылысымен қоса, «Африкалық саванна» кешенін салу жоспарланған. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, оның құрылысына конкурс ойнатылып, жеңімпаз анықталған.

«Африкалық саванна» кешенінде 100-ге жуық жануардың 25 түрі көрсетілетін болады. Бұл кешеннің экспозициясы, жануарларды ұстау шарттары табиғи мекендеу ортасына барынша жақын болады. Бір алаңда бір уақытта бірнеше жануар ұсталады.

Сонымен қатар зообақ өкілі қызмет көрсететін қызметкерлердің еңбек жағдайлары ескіріліп, келушілерге де қолайлы жағдай жасалып, қызығушылығы ескерілетінін айтты.

«Экспозиция жыл бойы жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде келушілер санының артуына әсер етпек. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылға жоспарлап отырмыз», дейді хайуанаттар бағының директоры.

Зообақ басшысы жалпы аумағы 1,5 гектарды құайтын «Арктика» кешені салынатынын айтты. Ол кешен де барынша табиғи ортаға барынша ұқсастырылып жасалады. Сол мақсатта Алматы зообағы ақ аюлардың жас жұбын сатып алуды жоспарлап отыр.

«2024 жылы «Тропикалық жұмақ немесе маймылдар елі», «Мадагаскар», «Қазақ даласы» кешендерінің құрылыс жобасы да жасалады. Солайша 2030 жылға дейін хайуанаттар бағының жалпы аумағының 70 %-ы реконструкцияланады», дейді Сейілхан Ақылбеков.

2025 жылға қарай жануарлар коллекциясын 400 түрге ( 4000 бас) дейін ұлғайту, ал 2030 жылға қарай 500 түрге (7000 бас) жеткізу жоспарланып отыр.

«Біздің міндетіміз жануарлар жойылып кеткен немесе саны азайып кеткен жерлерге оларды босатуға дайындау. Әрине, біз хайуанаттар бағында туылған жануарларды алып, жабайы табиғатқа жібере алмаймыз. Хайуанаттар бағында жабайы жануарларды реинтродукциялау орталығын салу және жануарларды жабайы табиғатқа шығару әдістерін әзірлеу қажет. Бұдан әрі жануарларды босату Зоология институтының зоолог ғалымдарының, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдерінің бақылауымен жүзеге асырылады», – деп бөлісті Сейілхан Ақылбеков.

Алматы хайуанаттар бағының жалпы аумағы – 20,645 гектар жерді алып жатыр.