Жаңалықтар

2023 жылы «KEGOC» 5 пайыз акциясын SPO-ға шығаруы мүмкін: сұраныс бола ма?

фото: kursiv.media

Биыл қазақстандық электр желілері операторы «KEGOC» акциялары SPO-ға (акцияларды қайталама орналастыру) шығарылады. Компания инвесторларға құнды қағаздарының 5 пайыздық үлесін ұсынуы мүмкін. Бұл туралы елордада өткен Astana finance day форумы кулуарында «Самұрық-Қазына» АҚ Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жанәділ хабарлаған еді.

«Жуырда Президент электр энергетикасы туралы заңға қол қойды, онда біз «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі үлес – 85% болады деген кепіл бердік, бұрын ол 90% және +1 акция болатын. Сондықтан қазір біз 5% туралы айтып отырмыз. Осы үлес SPO-ға ұсынылады. Инвестициялық банкирлерді жалдадық және бұл жұмыстар жалғасуда», – деді Ернар Жанәділ.

Бұл ретте ол SPO биылдың өзінде өтуі мүмкін екенін атап өтті. Оған Қор жергілікті қос биржа – KASE мен AIX-ті платформа ретінде қарастырмақ.

Экономист Бауыржан Шурманов компания құнды қағаздарын SPO-ға шығаруының себебін түсіндірді. Оның айтуынша, акцияларды қайталама орналастырудың бірнеше мақсаты бар.

«Бұл SPO-ның мақсаты нарықтық емес, мәжбүрлі дер едім. Мәселен жетістікке жеткен, сапалы өнім шығаратын шетелдік кәсіпорындар акцияларын SPO-ға мықты инвесторлар тарту үшін шығарады. Мұның бірнеше артықшылығы бар. Олар акцияларының аз ғана үлесін сату арқылы компанияға капитал тартып, оны жаңа жобаларына салады. Сол арқылы бизнеске серпін береді. Нарықта активтердің өтімділігі мен құнды қағаздарға деген қызығушылық артады. Алайда осы мысалда мақсат нарықтық емес. Отандық оператор электр энергетикасы туралы заң талаптарын орындайды, оған бейімделуге тырысып, тиімді нұсқаны іздейді», – дейді сарапшы.

Бұл құнды қағаздар нарығына қалай әсер етеді? Экономист дәл SPO уақытында активтердің құны төмендейтінін айтады.

«Яғни, жаппай сатылым кезеңінде акция бағасы құлдырайды», – дейді Бауыржан Шурманов.

Фото: жеке архив

«KEGOC» инвесторлар үшін қаншалықты тартымды? Компанияның қаржылық жағдайы қандай?

«Оператордың жұмыс бағыты электр желілері. Ал қазір желілердің 80-90%-ы тозған, бұл өте жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар бірнеше тоқсаннан бері сарапшылар мен брокерлер акциялар бағасына қатысты жағымсыз болжам жасауда. Компанияның маржиналдылығы төмен, акционерлерге дивиденд түрінде беруге болатын «бос» қаржы да азаюда. Мәселен, оның көлемі 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда 54%-ға азайған. Себебі желілер тозған, сондықтан капитал шығыны артты. Бұл мәселені шешу керек, нәтижесінде оператор барлық табыстарын тозығы жеткен желілерді ауыстыруға жұмсауда. Инвесторлар үшін бұл активтер өте тартымды деп айтуға келмес», – дейді экономист.

Алайда маман компанияның нарықтағы монополиялық басым жағдайын ескеру керек, деп есептейді. Сонымен қатар KEGOC-тың кредиттік рейтингі Қазақстанның егеменді рейтингі шамалас «тұрақты». Демек қажылық жағынан компания активтері қауіпсіз. Бұл да инвесторлар үшін тартымды факторлардың бірі.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қоры 2014 жылы «KEGOC» АҚ IPO-сын өткізді. Сарапшының пікірінше, бұл өте жақсы кейс болды.

Сол кезде компания акцияларының 10%-ы Қазақстан қор биржасында орналастырылды. Бастапқы орналастыру кезінде оператор акциясының құны 505 теңгені құрады, ал 2017 жылы табыстылығы 300%-ға жетіп, құнды 1 қағаз 1400-1500 теңгеге бағаланды. 2021 жылы оның биржадағы бағасы 1925 теңгеге жетті.

«Бірақ былтырғы құлдыраудан кейін акциялар құны төмендеді. Егер соңғы 9 жылдық көрсеткіштерге көз жүгіртсек, кірістілігі әлі де 300%-ды құрайды. Ал жылдық 33% шамасында. Компанияның дивидентер төлейтінін ескерсек, бұл өте жақсы нәтиже. Мысалы 2022 жылдың қорытындысы бойынша акцияларының дивидендтік кірісі 7,1%-ды құрады. Бұл 2014 жылы IPO-ға қатысқандар бойынша жалпы ақпарат. Ал былтыр компания акцияларының құны 13,3%-ға төмендеді. Яғни, дивидендтер арқылы олар акция құнының тек жартысын өтеді. Былайша айтқанда, былтыр келген инвесторлар шығынға ұшырады», – деп қорытындылады маман.

«KEGOC» АҚ Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы функцияларын орындайды, Ұлттық электр желісінің (ҰЭЖ) активтерін иеленеді және басқарады. Негізгі қызмет түрлері табиғи монополия саласына жатады. Кәсіпорынның балансында ұзындығы 27 мың шақырымға жуық кернеуі 220-1150 кВ электр беру желілері және 82 электр қосалқы стансасы бар.

Еске сала кетсек, 2022 жылдың 8 ақпанында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ реформалау бойынша негізгі басымдықтар қаралды. Холдинг басқармасының төрағасы Алмасадам Сәтқалиев қор құрылымында жүргізіліп жатқан өзгерістер туралы баяндай келе, Қордың портфельдік компанияларының IPO және SPO-сы бойынша жұмыс жалғасатынын хабарлаған.

2023 жылдың 26 сәуірінде Үкіметте KEGOC акцияларының бір бөлігін SPO арқылы бәсекелі ортаға беру мәселесі талқыланды.