Алматыда жылудың ақшасын төлемеген тұрғындардың үйінде ыстық су өшіріледі

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Алматы қаласында жылу қарызын төлемеген борышкерлердің пәтеріндегі ыстық суы өшіріледі. Бұл туралы «Алматы жылу желілері» ескертеді.

Қазірдің өзінде пайдаланылған ыстық су мен жылу үшін алматылықтардың жалпы берешек сомасы 1,8 млрд теңгеге жеткен. Енді қарызы бар тұрғындардың үйіндегі ыстық су өшіріледі. Сонымен қатар қарыз сомасы сот арқылы өндіріліп, қарыз толық өтелгенше, ыстық су қосылмайды.

«Борышкерлерге ыстық су беруді шектеу – бұл мәжбүрлі шара. Кәсіпорын осындай іс-шараларға жүгінуге мәжбүр, өйткені тұтынушылардың жылумен жабдықтау қызметтерін төлемеуі алдағы жылыту маусымының толыққанды дайындығы мен тиісті өтуін қамтамасыз етуге теріс әсер етеді»,- делінген ресми хабарламада.

Жыл басынан бері Алматыда жылу энергиясы үшін 415 млн теңге қарызы бар 2 140 абонент ажыратылды, тағы 1 122 төлемеушіге 897 млн теңге сомасына сотқа талап арыз берілген.

Жылу және ыстық су үшін шамамен 109 млн теңге төлемеген 439 тұтынушыға тыйым салынып, жалпы сомасы 206 млн. теңгеге 655 банктік шот блокталған.

Сондай-ақ оқыңыз