ФРЖ шешімінен кейін Dow Jones индексі 0,7% төмендеді

Жарияланды

Бұған дейін болжанғандай-ақ, АҚШ Федералды резерв жүйесі 14 маусым күнгі отырысында федералды қор мөлшерлемесін 5,25% деңгейінде қалдырды. Осы күні АҚШ қор нарығы сауда-саттықты әртүрлі бағытта аяқтады. Инвесторлар Федералды резерв жүйесінің ақша-несие саясаты туралы шешімін таразыға салды.

Dow Jones индустриялық индексі 0,7%-ға төмендеді. Индексте спорттық киім өндіруші Nike, чип өндіруші Intel және бөлшек сауда алыбы Walmart акциялары көш бастады. UnitedHealth Group медициналық сақтандыру компаниясы, Boeing аэроғарыш корпорациясы және Уолт Дисней медиа конгломератының бағалы қағаздары арзандады.

Ал S&P 500 кең нарық индексі 0,1%-ға көтерілді. Жеті сектор сауданы қызыл түсте аяқтады.

Nasdaq Composite Technology Index 0,4%-ға көтерілді. Intel, NVIDIA және Broadcom ең көп табысқа жетті. Акциялары арзандаған компаниялар қатарында Rivian Automotive, Diamondback Energy және Lucid Group бар.

«Сауда күні нарық құбылмалы болды. Реттеуші мөлшерлемені сақтағанына қарамастан, нарыққа биылғы ақша-несие саясатын қатаңдату циклі әлі аяқталмағанын сездірді»,- деп жазады MarketWatch.

ФРЖ-ның жылына төрт рет жарияланатын болжамы мөлшерлеме тағы 50 базистік тармаққа, 5,5-5,75%-ға дейін көтерілуі мүмкін дейді. Болашақта ақша-несие саясатын қатайтуы да мүмкін.

ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл баспасөз мәслихаты барысында шілде айындағы келесі отырыс бойынша әлі шешім қабылданбағанын айтты. Оның айтуынша, ФРЖ-дағылардың бәрі реттеуші болашақта ақша-несие саясатын қатаңдатуы керек деп санайды. FedWatch деректері көрсеткендей, трейдерлердің 70 пайызы реттеуші шілде айында мөлшерлемені көтереді деген пікірде.

Nvidia акциялары 4,8%-ға қымбаттады. Чип өндіруші АҚШ-тағы 1 триллион долларлық капитализациясы бар жетінші ашық компания болды.

Delta Air Lines бағалы қағазы 1,5%-ға өсті. Компанияның акциялары 14-ші сессия қатарынан қымбаттап келеді.

KASE индексі 0,07%-ға төмендеп, 3 535,52 болды. Акциялары қор индексіне енгізілген бес компания бағалы қағаздарының саудасы қызыл мәнде аяқталды.

Лондон қор биржасында Қазатомөнеркәсіп бағалы қағаздарының бағасы – 1,95%-ға, $27,65-ке дейін, Kaspi акцияларының құны – 1,3%-ға, $83,1-ге дейін арзандады. Ал Халық Банкі ЖДҚ құны, керісінше, 0,45% өсті.

Сондай-ақ оқыңыз