Жаңалықтар

ТЖМ: Абай облысындағы өрт оқшауланды

пожар
фото: ҚР ТЖМ

60 мың гектар алқапты жайпаған алапат өрт сәрсенбі кешке оқшауланды. Қазіргі кезде оқшауланған өрт ошақтарына әуеден су төгіліп, шет-шетіне топырақ себіліп жатыр. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабалады.

«2023 жылғы 14 маусымда сағат 21:00-де әуеден барлау және жедел жағдайды бағалау қорытындысы бойынша Абай облысындағы Семей орманы табиғи резерватының аумағындағы табиғи өрттің оқшауланғаны жарияланды. Өрт толық жойылғанға дейін оқшауланған ошақтардың орындарына үнемі су төгу, сондай-ақ өрттің шетіне топырақ себу жүзеге асырылады», – делінген ресми хабарламада.

Сонымен қатар Бұлақ ауылының 117 тұрғыны үйлеріне қайтарылды. Бұған дейін өрттің таралу қаупіне байланысты ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген болатын.

Абай әкімдігі қазір жағдай тұрақталды, биліктің толық бақылауында деп хабарлады.

Абай облысындағы өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитеті, ЖАО және Қорғаныс министрлігінен 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық бірлік техника жұмылдырылған.

8 маусым күні «Семей орманы» табиғи қорығында тағы да өрт шыққан болатын. 9-маусымға қараған түні Бородулиха кентіндегі орта мектеп пен Островский атындағы базада эвакуациялық орталықтар ашылды. Успенское, Поднебесное және Барышевка халқы туыстарына эвакуацияланғаны хабарланған.

9 маусым күні Төтенше жағдайлар экс-министрі Юрий Ильин 8 маусым күнгі сағат он екілер шамасында алғашқы тұтанған аймақ 3 гектар болғанын, кейін, 100 гектарға дейін күрт өскенін, жағдай дер кезінде дұрыс бағаланбағанын мәлім етті. Соның салдарынан жұмылдырылған техника саны тым аз болған, сондықтан, республиканың көптеген аймақтарынан техника жіберу туралы шешім қабылданғанын айтты.

Абай облысындағы алапат өртке байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарланған ресми сапары кейінге шегеріліп, Президент 10 маусым Абай облысына барды. Тоқаев ТЖМ жұмысын сынға алып, Абай облысының әкіміне сөгіс жариялады.

Абай облысына барған Тоқаев Президент жанынан қор құрылып, қаралы отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіліп, өтемақы төлененетінін мәлімдеген еді.

Алапат өртті сөндіруге кеткен 14 орманшы қаза тапты.

11 маусымда Қазақстан Президенті Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына Абай ауданындағы өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, адам өліміне және қоршаған ортаға елеулі залал келтіруге әкеп соққанын ескере отырып, арнайы прокурор немқұрайлылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаржы министрі 2023 жылы «Семей орманы» резерватына 6 млрд теңге бөлінгенін айтты.

Үкіметтің баспасөз қызметі Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңге бөлінетінін қосымша әр балаға 2 млн теңге берілетінін хабарлады.