Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептерін қаржыландыру біртіндеп қысқарады

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

«Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептерін» мемлекеттік қаржыландыру жыл сайын қысқарады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.

«Біздің мақсатымыз – осы екі мекемені қаржыландыруды жүйелі түрде қысқарту, өйткені олардың жеке қаржыландыру тетігі бар», – деді Жамаубаев бейсенбі күні Сенат кулуарында.

Оның айтуынша, биыл Назарбаев зияткерлік мектептерін қаржыландыруға 5,7 млрд теңге немесе былтырмен салыстырғанда екі есе аз қаржы бөлінген.

«Назарбаев Университетіне 1,8 миллиард теңге бөлінді, бұл соманы жылдан жылға азайтамыз. Республикалық бюджет қалыптасып жатыр, оны міндетті түрде қайта қараймыз. Үнемделген қаржыны басқа мақсатқа пайдалану маңызды», – деп қосты Қаржы министрлігінің басшысы.

«Назарбаев Университеті» – Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада ашылған жоғары оқу орны. Алғашқы студенттерін 2010 жылдың қыркүйегінде қабылдай бастады.

Университет жеке білім беру стандарты бойынша жұмыс істейді және Қазақстан Жоғары білім және ғылым министрлігіне қарамайды. Университет қызметі «Назарбаев Университетінің мәртебесі туралы», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» туралы арнайы заңмен реттеледі.

Еліміз бойынша 20-дан астам «Назарбаев Зияткерлік мектептері» бар, олар бәрі дерлік ірі қалаларда ашылған.

Жақында депутат Мұрат Әбенов Назарбаев Университеті қызметін сынға алған еді. Депутат 15 жылда қыруар қаржы төксек те, нәтиже жоқ деген пікірде. Оның айтуынша, 2020 жылы ғылымға – 7 млрд 600 млн теңге, 2021 жылы – 7 млрд 21 млн теңге, 2022 жылы – 2 млрд 154 млн теңге бөлінген.

«Назарбаев университетіне қаржыны төктік. Лабораторияны соларға бердік. Статусын күшейттік. Оларды ешкім тексеріп қарамады. Ұлттық ғылым академиясының орнына жұмыс істейтін болды. Кей университет қаржыландырылмайтын болды. Бәрін Назарбаев университетіне бердік. Алайда нәтиже көріп отырған жоқпыз. Неше жыл болды? 15 жылда нәтиже көрінбейді», – деді Әбенов.

Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев Университеті бөлек өзінің заңымен реттелетініне назар аударды.

«Оның басқару жүйесі өте күрделі екен. Енді-енді өзіміз түсініп жатырмыз. Жоғары қамқоршы кеңес, үш қамқоршы кеңес, Назарбаев қоры бөлек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» бөлек, Назарбаев университеті өзі бір бөлек. Оның қамқоршы кеңесінің үстінен тағы бір қамқоршы кеңес қарайды. Мен қазір министр ретінде қамқоршы кеңестің мүшесі де емеспін. Мені қамқоршылық кеңеске кіргізу үшін заңды өзгертуіміз керек. Үкімет деңгейінде қазір сол заңға тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Күрделі процесс», – деді Саясат Нұрбек.

Назарбаев Университетін 13 жылға жуық басқарған Шигео Катсу 15 маусымнан қызметінен кетті. 

Сондай-ақ оқыңыз