Фото: Qara Production
Жас режиссер Айсұлтан Сейітов «ҚАШ» дебюттік фильмімен Шанхай халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссер» атанды.
Айсұлтан Сейітов қазір өтіп жатқан 25-ші мерейтойлық Шанхай халықаралық кинофестивалінде дебюттік «ҚАШ» фильмімен «Үздік режиссер» номинациясында жеңіске жетті. Кинофестиваль бағдарламасында фильмді Айсұлтан, «Qara Studios» бас продюсері Еркебұлан Күрішбаев пен сценарий авторы Абылай Нұрманбетов ұсынған.
«ҚАШ» фильмінің түсірілімі 2020 жылы басталып, 2022 жылдың соңында көрерменге жол тартты. Көрермен ықыласына бөленіп, қазақстандық сыншылар тарапынан оң пікір алған. Фильм жақында әлемдік прокатқа жіберіледі.
«Қаш» картинасындағы негізгі оқиға 30-жылдардағы қазақ жерінде өрбиді. Күштеп ұжымдастырудан кейін 1931-1933 жылдардағы қазақ даласындағы жаппай ашаршылық қасіретін екі ағайындының басынан өткен оқиға арқылы баяндайды.
Шанхай кинофестивалі — ауқымды халықаралық бағдарламасымен әйгілі Қытайдың ең ірі кинофестивалі, 9-18 маусымы аралығында өтіп жатқан шара әлемдегі ең беделді кинофестивалдердің бірі.