Жаңалықтар

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы визасыз режимге қол қойылды

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим енгізу туралы қаулыға қол қойды. Енді екі ел азаматтары 30 күн визасыз жүре алады.

«Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы ұлттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін», делінген қаулыда.

 Аталған құжат 2009 жылғы 15 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы екі мемлекет азаматтарының өзара сапарлары туралы келісімі негізінде жасалған.

Бұған дейін Үкімет қаулысы «Ашық НҚА» порталында талқыланған.

Құжатқа сәйкес, екі тарап азаматтары мемлекеттік шекараны кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік 30 күн визасыз жүре алады. Екінші тарап мемлекетінің аумағына тек шекаралық өткізу пункі арқылы кіріп-шығуға және транзитпен өтуге рұқсат.

Сонымен қатар 6 ай ішінде визасыз жүрген уақыт 90 күннен аспауы керек. Егер шетел азаматы 30 күннен артық боламын десе, виза алуы тиіс.

Осыған дейін Қазақстан Қытаймен де визасыз режим енгізу туралы келісімге келді.