Жаңалықтар

Қазақстанның Ресейдегі экс-елшісі Ермек Көшербаев ШҚО әкімі лауазымына тағайындалды

Ақорданың баспасөз қызметі Президенттің ШҚО әкімін тағайындау туралы Жарлығын жария етті.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермек Беделбайұлы Көшербаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды», делінген Жарлықта.

Жұма күні Даниал Ахметов Президенттің жарлығымен ШҚО әкімі лауазымынан босатылған болатын.

Облыстың жаңа басшысын тағайындау бойынша Шығыс Қазақтан облыстық мәслихатының отырысы 16 маусым сағат 10:30-ға жоспарланған.

Шығыс Қазақстан облысын 9 жылға жуық басқарған Даниал Ахметов, бір облысты ең ұзақ басқарған, әрі еліміздегі ең жасы үлкен әкім болған еді. 15 маусым күні 69 жасқа толған Ахметов, бұл лауазымға 60 жасында келген. Өткен жылы Президенттің баспасөз хатшысы Даниал Ахметовтың әкім ретіндегі өкілеттігі бір жылға ұзартылғанын хабарлаған болатын.   

Ермек Көшербаев 2020 жылдың қаңтар айынан бастап, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі лауазымын атқарды. Ол 2010 жылдан бастап 2014 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Еңбек жолын 1988 жылы Сыртқы істер министрлігінде бастаған Ермек Көшербаев әр жылдары «Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры» қоғамдық қоры директорының орынбасары болып және «ҚазМұнайГаз» компаниясында, Ауыл шаруашылығы министрлігінде және Сыртқы істер министрлігінде түрлі лауазымды қызметтер атқарған.