Түркістанда өтетін Ұлттық құрылтайға 400 млн теңгеден аса қаражат жұмсала ма?

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: kursiv.media

Түркістанда сенбі күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысумен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтеді. Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес оны ұйымдастыруға 400 млн теңгеден аса қаржы жұмсалады.

Құрылтайды өткізу Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының «Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы» МКҚК жүктелген. «Курсив» тілшісі ашық дереккөздерден облыстың құрылтайға дайындығын тексердік.

Мекеме алыс-жақыннан келетін қонақтардың жайын реттеуді 14 маусым күні қолға алған. Бұл күні мекеме басшысы Мейіржан Әлиақпаров «Khanshaiym Otel» ЖШС-мен 15 500 000 теңгеге келісімшартқа отырған. Құжаттағы келісімшарт атауы «Әкімшілік/өндірістік жайларды жалдау бойынша қызметтер Түркістан Құрылтай 2023 – Grand Ballroom залын жалға алу», деп көрсетілген. Яғни бұл соманы мекеме «Rixos Turkistan» қонақүйінде үй жайларды, жабдықтарды жалға алуға және қонақүйде тамақтану мен қызмет көрсетуге жұмсайды. Бір күнге созылатын құрылтай өткізуге қонақүй осындай төлем алған.

«Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы» МКҚК «Сазды Әуен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшартқа отырған. Құжатта көркемдік топтың не істейтіні нақтыланбаған, онда: «конференцияларды/семинарларды/форумдарды/конкурстарды/корпоративтік/спорттық/мәдени/мерекелік және ұқсас іс-шараларды ұйымдастыру/өткізу бойынша қызметтер. Түркістан Құрылтай 2023 – ұйымдастыру қызметі», деп жазылған. Оған мекеме 22 035 000 теңге төлеген.

Дәл осындай мақсатпен «Astana Media Production» ЖШС-мен де келісімге отырған. Мекеме бұл компанияның қызметін 164 074 931 теңгеге сатып алған. Компания иесі Нәбиева Гүлсіммен келісімшарт негізінде ұққанымыз бойынша Шәмші әндерінен концерт қойылуы тиіс.

Одан кейін мекеме ArtLab Studio ALS ЖШС-мен 88 264 674.40 теңгеге келісімшартқа отырған. Бұл ақша компанияға қонақүйдегі Пленарлық зал, секция залы, пресс-центрді техникалық және сахналық жабдықтармен безендіретіні үшін төлеген.

Сонымен бірге екі рет қомақты сома Korzhyn Group компаниясына төленген. Бұл компания 76 544 664 теңгеге және 39 062 311.20 теңгеге екі тендерді алған. Компанияның нақты не қызмет көрсететіні белгісіз. Келісімшарт құжатында «Құрылтай өткізуге қатысты қызмет көрсету» деп қана жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз