Жаңалықтар

Қазақстанда бір тәулікте 4 рет жер сілкінген

сейсмостанция
Фото: Pixabay.com

17 маусым, сенбі күні кешке ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «СТӘЭ» ЖШС сейсмикалық стансалар желісі төрт рет жер сілкінісін тіркеген. Барлық зілзала ошақтары Қытайда орналасқан.

«Бірінші жер сілкінісі сенбі, 17 маусым күні Астана уақыты бойынша сағат 22:14:32-де болды. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 809 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 11.2, магнитудасы 4,9 балл. Эпицентр координаттары 36,29° солтүстік 79,88° шығыс, Тереңдігі 5 км», делінген «СТӘЭ» хабарламасында.

Екінші жер сілкінісі бір сағатқа жетпей 23:08:12-де Алматыдан оңтүстікке қарай 829 шақырым жерде, Қытай аумағында тіркелген. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 10.3, MPV магнитудасы 4,3 балл. Эпицентр координаттары 36,11° солтүстік 79,86° шығыс, Тереңдігі 5 км.

18 маусым күні сағат 02:46:10-да жер сілікінісі тағы қайталанған. Жер сілкінісінің Алматыдан оңтүстікке қарай 787 шақырым жерде болды. Дүмпу ошағы Қытайда. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 9.7 болса, MPV магнитудасы 4,4 балды құраған.

18 маусым күні таңғы сағат 08:58:32-де Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 839 шақырым жерде Кашмир мен Қытай шекарасында тағы да жер сілкінген. Зілзаланың энергетикалық класы 10.1. MPV магнитудасы 4,5. Тереңдігі 70 км.

Мамыр айының басында Алматыда жер сілкінісін ерте хабарлау жүйесі іске қосылатыны хабарланған болатын. Жоба бойынша 28 сейсмикалық стансаның құрылысы қарастырылған, оның 11-і өткен жылы пайдалануға берілсе, қалған 17-сі осы жылы іске қосылуы тиіс болған.

«Курсив» ерте хабарлау жүйесі жалпықалалық жүйеге біріктірілгенін, оның көмегімен жарылыс пен өрттің алдын алу үшін қаланы орталықтандырылған қуатсыздандыруға да болатынын жазды. Жүйе беретін ең маңызды нәрсе – тұрғындарға өздерін және жақындарын құтқаруға уақыт. Смартфондарға жақын жер сілкінісі туралы ескерту алғаннан кейін адамдар әрекет ете алады.

Бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин ауылдарда салынып жатқан үйлердің зілзалаға төтеп бере алмайтынын, ал, Қазақстан аумағының 40 пайыздан астамы зілзала қаупі бар аймаққа жататынын айтқан.

Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы биыл жер сілкінісі 2,6 есеге артқанын хабарлады. Биылғы жылдың 3,5 айында 120 жер сілкінісі тіркелсе, 2022 жылы бұл кезеңде небары 45 жер сілкінісі болған.