1 шілдеден бастап шетелден келген автокөліктерді заңдастыруға өтінім қабылдау тоқтатылады

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: kursiv.media

1 шілде күні шетелдік автомобильдерді заңдастыру науқаны аяқталады. Бұл жайлы Ішкі істер министрлігінің баспасөз орталығы хабарлайды.

Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы жылдың 23 қаңтарынан бастап елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыру жүргізіліп жатыр.16 маусымдағы жағдай бойынша, 161 мың автомобиль заңдастырылды, тағы 13 мыңнан астамы тіркеуді күтуде. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 22 мамырынан бастап 7 мыңға жуық автомобиль-конструкторлар қазақстандық есепке қойылған. Екі аптада науқан аяқталады сол үші Ішкі істер министрлігі шетелдік автокөлігі бар азаматтарды мерзім аяқталғанға дейін өтінім беруге шақырды.

«Өздеріңіз білетіндей, заңдастыру аяқталғанға дейін екі апта қалды. Көптеген азаматтар өз көліктерін заңдастыруға үлгермей қалуы мүмкін деген алаңдаушылық білдіруде. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін өтінім берген Қазақстанның барлық азаматтарына көрсетілген мерзімнен кейін автомобильдерді заңдастыру құқығы берілетінін хабарлаймыз», делінген Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.

Сонымен қатар, министрлік Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және осы себепті заңдастырылмаған автомобильдерге Қазақстанның заңдастыру талаптарына сәйкес бастапқы тіркеу туралы міндеттеме шарттарын орындайтын болса, аталған автокөлік иелеріне көліктерін Қазақстан Республикасында 5 жыл мерзімге уақытша есепке қою құқығы берілетінін хабарлады.

Уақытша есепке қою кезінде көлік құралын тіркеу туралы куәлік және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмірлік белгілері беріледі. Тіркеу туралы куәлікте иеліктен шығару және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу құқығынсыз уақытша есепке алу жазбалары көрсетіледі.

Шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлік белгілері ХҚКО сақтауға тапсырылады. Егер Қазақстан азаматтары аталған автомобильдерді елден тыс жерлерге әкеткісі келсе, олар Қазақстан Республикасының тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлерін тапсыруға тиіс, содан кейін оларға шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлері қайтарылады.

«Егер автомобильдер бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарылса және Қазақстан азаматтары оларды Қазақстанда бастапқы тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылдаса, оларға 200 000 теңге мөлшерінде бастапқы тіркеу үшін алым төлей отырып, жария ету шарттары қолданылатын болады», деп хабарлайды баспсаөз орталығы.

Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылады. Одан кейін, шетелдік есепте тұрған автокөліктерді Қазақстан Республикасының заң талаптарын бұзып пайдалануды жалғастырған азаматтарға тиісті шаралар қолданылады.

Сондай-ақ оқыңыз