Риддер ЖЭС-інің қарызы 3,3 млрд теңгеден асқан

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
тэц
Фото: ШҚО баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысының жаңа әкімі Ермек Көшербаев жөндеу жұмысымен танысу үшін Риддер қаласының жылу электр орталығына барды. Тексеру барысында жылу орталығының 3 миллиард теңгеден астам қарызы бар екені анықталды.

«Меншік иелері бұл нысанды пайдаланғанда тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізбеген, қазіргі кезде қарыз 3,3 млрд теңгені құрайды», – деді ЖЭО бас директоры Игорь Михайленко.

Оның айтуынша, 2018 жылы мұнда бес қазандық жұмыс істесе, тағы біреуі резервте тұрған. Сонымен қатар төрт турбина да жұмыс істеп, 52 МВт өндірілген.

Өз кезегінде Көшербаев жөндеу жұмыстары жылу беру маусымына дейін аяқталуы тиіс деді. Бұған дейін облыстың экс-әкімі Даниал Ахметов жылу орталығындағы жөндеу жұмысын 2023 жылдың 15 қыркүйегіне дейін аяқтауды тапсырған еді.

Былтыр қараша айында Риддерде жылу электр орталығындағы ірі апатқа байланысты төтенше жағдай енгізілген. Қаладағы төтенше жағдай режимі төрт айдан кейін, биыл ақпан айының ортасында алынып тасталды. Алайда содан бері ЖЭО-ның жағдайы жақсарған жоқ. Наурыз айында ЖЭО-да тағы да жарылыс болып, № 6 қазандық аймағындағы жанармай беру галереясында көмір шаңы пайда болды. Жарылыс толқыны шамамен 80 м. шаршы метр қоршау құрылымын қиратқан.

Осы жарылыстан кейін қалада тағы да ТЖ жарияланып, Риддер ЖЭО-сын коммуналдық меншікке сатып алу туралы шешім шығарылған.

Маусым айының басында Риддердегі жылу қазандығын жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі басталды. Жөндеу жұмысы толық біткен соң ол «Өскемен жылу желілері» АҚ балансына өткізілетіні хабарланды.

Риддер жылу орталығын күрделі жөндеуден өткізуге 7 млрд теңге қарастырылған. Орталықтағы қазандықтар 1956 жылы салынған екен. Қаншама жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген. Ал қазір 6 қазандық та күрделі жөндеуді қажет етеді.

Жалпы Қазақстандағы 37 жылу электр орталығының 19-ы апатты жағдайда тұр. Бүкіл ЖЭО жабдықтары 66 пайызға тозған. Оларды жөндеуге 182 млрд теңге қажет.

Сондай-ақ оқыңыз